Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Одақтың негізгі саяси және экономикалық серіктесі – Қытай Халық Республикасымен тиімді өзара іс-қимыл құру өте маңызды. Сонымен бірге Қытай ең ірі жүк жөнелтуші және ең ірі клиент болып отыр. Өткен аптада мен осы елге мемлекеттік сапармен бардым, онда Сиань құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысын іске қостық. Бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберудің негізгі хабы болады деп күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумда.
Сондай-ақ, Бақты-Аягөз учаскесінде ҚХР-ға жеке шекара өткелін салу мен теміржол қатынасын бастау жоспарлануда.
Осы орайда Президент Ресеймен табысты ынтымақтастыққа үміттенетінін айтты, өйткені жоба ҚХР-ға тек Қазақстаннан ғана емес, Батыс Сібірден де тауар жеткізу қашықтығы мен мерзімдерін едәуір қысқартады.
«Физикалық инфрақұрылымды дамытудан бөлек, жұмсақ инфрақұрылым құруға, яғни цифрландыруға, кедендік әкімшілендіруді жеңілдетуге және әкімшілік жүктемені азайтуға мән беру де өте маңызды. Жалпы, біз қазір Еуразияның бұған дейін ешқашан болмаған жаңа іргетасын қалап жатырмыз деуге болады. Егер осы мәселеге мұқият және бірлесіп қарасақ, айтарлықтай экономикалық және саяси дивидендтер ала аламыз. Осы тұрғыда толыққанды және сындарлы халықаралық ынтымақтастығымыздың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол себепті Президент Қытаймен, Үндістанмен, Вьетнаммен, Иранмен, Египетпен, Израильмен, Сербиямен және басқа серіктестермен белсенді қарым-қатынас одақтың жетілуінің және оның сауда-экономикалық тартымдылығының маңызды көрсеткіші болатынын баса айтты.