ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру ұйымдарына мониторгин жасап, 40 мектептің лицензиясыз жұмыс істегенін анықтады.Оның ішінде 30 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп бар, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Лицензиясыз жұмыс істеген мектептердің дені Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Маңғыстау облыстарында. 32 мектепке қатысты әкімшілік іс қозғалып, лицензиясыз қызмет үшін айыппұл салынды. Оның 23-і мемлекеттік, 9-ы жекеменшік мектеп.
«Лицензияның жоқтығы мектептің сәйкестік тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттар тапсырмағанын білдіреді.Оннан аса мектепте санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды және төтенше жағдай актілері жоқ. Бұл балалардың денсаулығы мен жайлылығына қауіп тудыруы мүмкін.14 мектепте материалдық-техникалық база білім берудің заманауи талаптарына сай келмейді, білім беру инфрақұрылымы, білікті педагогикалық кадрлармен толық жабдықталмаған, ұйымдастыру жұмыстары да дұрыс жолға қойылмаған бұл білім беру сапасын кері әсерін тигізеді», – деді комитеттің рұқсат беру саясаты басқармасының басшысы Жұлдыз Әуезханова.
Айта кетейік, лицензиясы жоқ мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін барлық мектептерге қатысты әкімшілік істер қозғалды. Бүгінгі таңда аумақтық департаменттерге лицензиясы жоқ мектептерге қатысты тиісті шаралар қабылдау тапсырылды, өңірлердің әкімдіктеріне тиісті хаттар жолданды.