Ұлттық ұланда 2022 жылдың қорытындысы шығарылды
ҚР Ұлттық ұланының елордалық бригадасында құқықтық тәртіп әскерлерінің басшылық құрамының үш күндік оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Іс-шара аясында ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Әскери кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің өткен жылғы қорытындылары шығарылып, ҚР Президентінің – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының жаңа талаптары аясында Ұлттық ұлан әскерін одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері қаралды.
– Жеке құрамды жедел даярлауды жетілдіру және әскерлерді оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін тәжірибеге енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Дағдарыс жағдайлары туындаған кезде күштер мен құралдарды жедел қолдану дайындығын қамтамасыз етуді қолға алуды ұсынамын, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар министр әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне, жеке құрамның тәртібіне, сондай-ақ әскери ортада суицидтік көріністер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аударды.
Отырыс барысында өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің бірқатар басшылары тыңдалды.
ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов 2021 жылмен салыстырғанда Ұлттық ұланның қызметі айтарлықтай жетілгенін атап өтті. Бұл ретте әскер бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп, қазіргі уақытта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау бойынша қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруда. Жалпы Ұлттық ұланға заңмен жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалған.
Әскери кеңес жұмысының соңында 2022 жылғы Жауынгерлік сайыс жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сайыстың қорытындысы бойынша әскерлерде 21 рота мен 113 взвод, сонымен қатар 4,5 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік даярлықтың үздіктері атанды.