Семейлік Ұлан Сейітқалиев халықаралық «Жас ғалым» сайысында ІІ орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ақпараттық порталы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлан Сейітқалиев – Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы жылғы түлегі. Ғылымға жаны құмар, «Алтын белгі» иегері атанған ол жуырда қазақстандық «Global Sapa» білім беру орталығы мен Оңтүстік Кореялық Wossong University Solbridge халықаралық бизнес мектебінің ұйымдастыруымен өткен VI Халықаралық «Жас ғалым» сайысында ІІ орынды жеңіп алды. 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылған сайыс әлемдік пандемияға байланысты қашықтықтан өткізілді. Түлегіміз осы жеңісінің арқасында Оңтүстік Кореялық университетте оқуға мүмкіндік алды. Жеңімпазымыздың ғылыми жетекшілері – мектебіміздің физика пәнінің мұғалімдері Асхат Жұмабеков пен Жадыра Ахатаева.
Дарынды жас ғалым өзінің бұл жеңісі жолында ғылыми жетекшілерімен бірлесе отырып, көп еңбектенді. Бір ғана 2019-2020 оқу жылының алғашқы күнінен-ақ өзінің зерттеушілік-ғылыми жұмысына ден қоя отырып, көптеген қиындықтарды жеңіп шықты. Нәтижесінде ағымдағы жылдың ақпан айында шәкіртіміз табиғи және виртуалды орталық күштердің заңдылықтарын зерттеуге арналған ғылыми жобасымен республикалық «Дарын» ғылыми жобалар байқауында I орынды (алтын) жеңіп алған болатын. Енді міне әлемдік деңгейде Қазақстан атын шығарып отыр.
Сайыс түрлі бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда, математика, информатика, қолданбалы математика, экология және адам денсаулығы, биология, химия, география, қоршаған ортаны қорғау, физика, жер мен ғарыш туралы ғылым және ақпараттық технологиялар.
Халықаралық сайыс- ғылым жолына қадам басқан жастарға үлкен мүмкіндіктер ашады. Білім беру орталығының негізгі мақсаты – республикамыздың балаларының шығармашылық және зерттеу қабілеттерін дамыту.