Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты автомобиль жолдарындағы төсемдер мен жер асты қабаттарындағы температура мен ылғалдылықтың таралуына эксперименттік зерттеу жүргізуді жалғастыруда
Еліміздің барлық аймағында жүргізілген ұзақ мерзімді мониторинг жұмысының нәтижесінде жол құрылымы қабаттарындағы температура мен ылғалдылықты анықтайтын 28 датчик жиынтығы орнатылды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
Датчиктер жол құрылымындағы су-жылулық режимінің өзгеру динамикасы туралы ақпаратты әр сағат сайын үздіксіз беріп отырады. Алынған дерек негізінде институт қызметкерлері жол құрылысы нүктелеріндегі температура мен ылғалдылықтың өзгеруі, сондай-ақ республиканың әр аймағындағы жолдардың қату тереңдігі, оның сипаты мен ұзақтығы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алады.
Ұзақ мерзімді зерделеудің нәтижелері қысқы кезеңдерге арналған қату тереңдігінің қолданыстағы картасын түзетуге және жаз маусымында түрлі климаттық жағдайларда шұңқырлардың пайда болу процесі заңдылығын анықтауға септеседі.
Сонымен қатар датчиктерден алынған ақпараттар оңтайлы жобалық шешімдер қабылдауға және көлік жолдарының қызмет ету мерзімін ұзартуға септесетін кешенді іс-шараларды тағайындауға мүмкіндік береді.