Бұл — жұқа металл кесіндісінен сирек кездесетін платина, палладий, никель, кобальтқа дейінгі металдар.
Алюминий (шанақ бөлшектері) мен палладийдің (каталитикалық бейтараптандырғыш) құны рекордтық деңгейге жетіп, электромобиль аккумуляторын жасау үшін пайдаланылатын никельдің бір тоннасы алғаш рет 100 000 доллардан асқанын «За рулём» басылымы жазды. Ұрылар қатты қызығатын палладийдің бір унциясы (28.35 грамм) 3440 доллар болды, енді машинадан катализатор ұрлайтындар көбеюі мүмкін.
Бағаның өсуіне көптеген автоөндірушінің Ресейден металл сатып алудан бас тартуы себеп болды. Қажет металдың ауқымды бөлігі (атап айтқанда, никельдің 20 %-ы) Ресейден келеді. Германия автоөндірісі үшін ресейлік компаниялар ең ірі шикізат жеткізуші саналады. 2020 жылы немістер никельдің 44 %-ын, титанның 41 %-ын, темірдің үштен бірін және палладийдің 18 %-ын аталған елден алды. Ресей мен Украина қақтығысына байланысты Еуроодақтың болат құю зауыттарында шикізат жетпей жатыр.
Көп жылдан бері қалыптасқан өндіріс тізбегінің бұзылуы өнім құнының үздіксіз өсуіне себеп болуы мүмкін. LMC және JD Power консалтинг компанияларының мәліметіне сенсек, АҚШ-та жаңа көліктің орташа бағасы ақпанда 44 460 доллар болды, бұл 2021 жылғы ақпанмен салыстырғанда 18.5 %-ға жоғары.
Дереккөз: kolesa.kz