Бүгін, 2022 жылғы 14 наурызда ҚР СИМ Сауда Комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ӘМАТ бағаларының мониторингіне қатысты ақпаратпен бөлісті.
Е.Қазанбаевтың айтуынша, Ұлттық бюро деректері өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% – ға өскенін көрсетті.
«Қырыққабат 1,6% – ға, қант 0,6% – ға және картоп 0,5% – ға қымбаттады. Өңірлер тұрғысынан бір апта ішінде бағаның максималды өсуіне Маңғыстау облысында 0,8% – ға, Қостанай және Қызылорда облыстарында 0,4% – ға жол берілді», – деп хабарлады Сауда комитетінің басшысы.
Сонымен қатар, ФДО мәліметтері бойынша апта ішінде бағал 0,6% – ға өскен.
Бүгінгі күні ЖАО-мен бірлесіп азық-түлік өнімдерінің әрбір атауы бойынша бағаларды бақылау, оның ішінде сауда субъектілерінің рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауын бақылау бойынша жұмыс тұрақты жүргізіледі.
Сонымен қатар, АЗРК бағаны бақылау бойынша жұмысты жалғастыруда.
Қазіргі уақытта Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облысында және Алматыда ӘМАТ-қа бағаларды арттыру бойынша бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдар белгілері бойынша бұрын бастамашылық жасалған 7 тергеп-тексеру бойынша жұмыс жалғасуда.
Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу бойынша монополияға қарсы комплаенстің 7 актісі, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде ӘМАТ сауда үстемесі 15-тен 10% – ға дейін төмендеді.
Өңірлер бөлінісінде тиісті шаралар қабылдай отырып, баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысы күшейтілді.
«Құрметті журналистер, министрлік атынан қант бойынша жағдайға түсініктеме бергім келеді. Бүгінгі таңда елімізде бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына тапшылық жоқ. Бұл ретте шикі қанттан қант өндіру және оның импорты жалғасуда. Елдегі қорлар үнемі толықтырылып отырады. Жалпы ҚР бойынша «Magnum» сауда желісінің дүкендерінде соңғы 5 күнде сату 528 тоннаны, ал дүрлігусіз 5 күн 172 тоннаны құрады. Айта кету керек, үш айдан кейін қорлар таусылып, қант тапшылығы болады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп қорытындылады Ержан Қазанбаев.