SocialБасты

Мемлекеттік органдар кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін төмендету мәселелерін түсіндірді

 «Жасыл даму» АҚ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің өкілдері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кәдеге жарату алымын азайту жөніндегі шараларды түсіндіруге арналған брифингке қатысты

Іс-шара барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі жұмыс топтарының нәтижесінде елімізде отандық өндірістің болмауына байланысты кабельдік – өткізгіш өнімдерге және рекреациялық техникалар: квадроциклдерге, қарда және батпақта жүруге арналған көліктерге кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін нөлге теңестіру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

Халықаралық тасымалдар саласын қолдау және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында осындай шешімді ершікті тартқыштар бойынша да қабылдау ұсынылады.

Автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасының мөлшерлемелері бойынша жағдай біршама өзгеше. Елімізде ірі торапты және ұсақ торапты әдістермен техника өндірумен айналысатын отандық кәсіпорындар бар болғандықтан кәдеге жарату алымы қазіргі уақытта ішкі нарықты қорғау құралы ретінде енгізілген.  Халықаралық тәжірибеде әлем елдері өз нарығын қорғаудың түрлі әдістерін: импортқа толық тыйым салудан бастап, ұлғайтылған кедендік баж немесе экологиялық алым түріндегі шектеу шараларына дейін қолданады.

2016 жылы кәдеге жарату алымын енгізу бірқатар жаңа ірі шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік берді, олардың ішінде Hyundai, Chevrolet, KIA және JAC автомобильдерін, КАМАЗ компоненттерін, «Кировец» тракторларын және CLAAS әлемдік брендінің ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша іске асырылып жатқан жобаларды жеке атап өткен жөн.

2024 жылдан бастап Қостанайда Камаздың қозғалтқышының құйма бөлшектері (блоктар, блок бастиектері), көпірдің құйма арқалықтары және Набережные Челныдағы бас конвейерге жеткізілетін жетекші көпірлердің басты берілістері өндіріледі. Осылайша, КамАЗ шығарған әрбір автомобильде Қазақстанда өндірілген компоненттердің 11% – ы болады.

«Кировец» тракторы бойынша бүгінгі таңда пластикалық бөлшектер мен аспалы жабдықтардың экспортқа бағытталған өндірісі игерілді. Компоненттерді одан әрі жергіліктендіру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда CLAAS техникасы үлкен торапта жиналады. Алайда компания Қазақстанға компоненттерді жергіліктендіруді дамыту жөніндегі бесжылдық жоспарды іске асыру үшін барлық технологиялық құжаттаманы берді және қысқа мерзімде Қазақстанда шығарылған бөлшектерді сертификаттауға дайын.

Осыған байланысты кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін қазіргінің 50%-ы деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданды.

«Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілген деген жаңсақ пікір бар. Жинақталған қаражаттан отандық зауыттарға белгілі бір субсидиялар төленеді деп айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Өндірушілерге шын мәнінде, кәдеге жарату бажы ретінде бұрын өздері төленген қаражаты беріледі. ДСҰ талабы бойынша өндіруші импорттаушылар сияқты кәдеге жарату алымын төлеуге міндетті. Бірақ, бізде төленген ақшасы кері қайтарып беріледі. Бұл елімізде өндірілген автомобиль бағасының тұтынушы үшін өспеуі үшін жасалды», – деп түсіндірді М.Қарабаев.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда шығарылатын жаңа автомобильдер, комбайндар мен тракторлар кәдеге жарату алымынсыз сатылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button