ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі (АӨК) инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласын одан әрі дамыту мақсатында 2025 жылға дейін салаға 4,4 трлн теңге инвестиция тартуды қамтамасыз ететін 934 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Қабылданған шаралар есебінен АӨК негізгі капиталына салынған инвестициялар осы жылдың 11 айында 40,5%-ға ұлғайды, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру 85%-ды құрады, экспорт көлемі 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3%-ға өсті. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты егіннің азаюына қарамастан бұл нәтижеге қол жеткізілді.
«Бәйтерек» холдингі желісі бойынша АӨК инвестициялық жобалары бойынша биылғы жылға 63 млрд теңге, ал жалпы, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 400 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Үкімет басшысы барлық өңірде АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асырудың оң динамикасын атап өтті.
Биыл АӨК-тің жалпы сомасы 239 млрд теңгеге 266 инвестициялық жобасы, оның ішінде 36 сүт-тауар фермасы, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 27 жоба, 6 ет комбинаты, 13 құс фабрикасы пайдалануға берілді.
Аталған жобаларды іске асыру есебінен импортқа тәуелділік бір жылда 15%-ға қысқарды.
Ішкі нарықты отандық өндірістің сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 51,4%-дан 70%-ға дейін, шұжық өнімдерімен қамту 60,5%-дан 70%-ға дейін, құс етімен қамту 58%-дан 75%-ға дейін, алмамен толықтыру 73%-дан 80%-ға дейін ұлғайды. Қант өндірісі 31,1%-дан 60%-ға дейін өсті, ал балық өсіру көлемі жылына 4 мың тоннаға немесе 30%-ға артты.
«Өндірісті кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өңдеушілерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек. Бұл жобаларды іске асыру, ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті шектеу қажет», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін өнім түрлері мен таралу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар сақтау және логистика инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет, себебі тауардың өзіндік құнында олардың үлесі басым. Үкімет басшысы әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына сұраныстың артқанын ескере отырып, Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуына мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
А. Мамин инвестициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позициялары бойынша іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.