Түркістан облысында полицейлер браконьерден жабайы қоянның етін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңсыз аң аулаумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында Арыс аудандық ПБ Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың кезекті жайтын анықтады.
Байырқұм кентінің жанындағы жайылымдардың бірінде түнгі уақытта тәртіп сақшылары “Охотзоопром” өкілдерімен бірге жабайы қояндарды заңсыз аулаған жергілікті екі тұрғынды ұстады. Заттай дәлел ретінде браконьерлерден 12 калибрлі аңшылық мылтық, қолдан жасалған прожектор мен қоянның еті (ұшасы) тәркіленді.
Қазіргі таңда заңбұзушыларға қатысты ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады және жабайы жануарлар мен өсімдіктерді, оның ішінде ҚР Қызыл кітапқа енгізілгендерді заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Егер сізде браконьерлік жағдайлары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.