Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас Хатшысының Кеңесшісі Абдул Әзиз Бен Ахмад Сарханмен кездесті.
Өз сөзінде Сенат Спикері мейманға Съезд Хатшылығының ХІХ отырысына қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Форумның негізгі мақсаттары ислам әлемінің оң пікірі мен қолдауына ие болғанын атап өтті.
«Уақыт өткен сайын Съездің халықаралық аренадағы маңызы артып келеді. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы дінаралық диалог бейбітшілікті, келісімді және ынтымақтастықты халықаралық деңгейде қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде өз рөлін атқара береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар пандемияға байланысты қажылық жасау кезінде туындайтын қиындықтарды талқылады. Сенат Төрағасы пандемиядан кейінгі кезеңде жағдай тұрақталып, Қазақстан азаматтары өздерінің діни парыздарын өтеуге қайтадан мүмкіндік аларына үміттенетінін жеткізді.
Іс-шара соңында Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысына 2022 жылғы қыркүйек айында Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысу үшін шақыру жолдады.