EconomyБасты

2025 жылға қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14%-ға дейін қысқарады — Ә. Смайлов

Үкімет ел шекарасы арқылы заңсыз сауда-саттыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Ә. Смайыловтың айтуынша, Қазақстанда тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі енгізілуде. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру тереңдетілуде.

«Тауарлар ағынына мониторинг жүргізу және жалған транзитті қысқарту үшін навигациялық пломбаларды енгізу кеңейтілуде. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару бөлігінде кедендік функциялар орталықтандырылған. Деректерді талдау үшін жасанды интеллект технологиясы енгізілуде», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қашықтан өзара іс-қимыл жасауға негізделген ірі бизнестің «көлденең» мониторингі бойынша жоба басталды.

Капиталды шетелге шығаруға және экономиканы деоффшоризациялауға қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Электрондық мәліметтер алмасу үшін ЭЫДҰ-мен көпжақты конвенцияға қол қойылды.

Жалпы, Ә. Смайыловтың айтуынша, ұсынылған шаралар мемлекеттік бюджет кірістерін арттыруға бағытталған.

«Президенттің мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары іске асырылуда. Нысандардың 50%-ы жекешелендіруге осы жылдың соңына дейін, 30%-ы – 2022 жылы және 10%-ы 2023 және 2024 жылдары шығарылады», — деді ол.

Әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сатудың жол карталары әзірленіп, мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілді. Вице-премьер атап өткендей, Мемлекеттік мүлік комитетінің электрондық алаңында ашық сауда-саттық арқылы жекешелендіру қарқынды жүріп жатыр. Жалпы алғанда, бұл шаралар 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Президент квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің шығындылық проблемасын шешу міндетін қойды. Осы бағытта Есеп комитетімен бірлесіп, әрбір ұлттық компания мен мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне қажетті талдау жүргізіледі.

Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор компанияларының бірінші басшыларының даму жоспарларындағы көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін, оның ішінде шығындарға жол бергені үшін жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылады.

Сондай-ақ қаржы институттарындағы тоқтап қалған кепіл активтерін экономикалық айналымға қайтару туралы заң жобасы әзірленетін болады.

«Өңірлік саясатты жетілдіру бағыты бойынша Мемлекет басшысы «Агломерацияларды дамыту туралы” Заңды әзірлеу міндетін қойды. Заң жобасы бойынша жұмыс Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүргізілуде. Ол қазіргі реттеушілік және институционалдық ортаны және агломерацияларды басқарудың ағымдағы мәселелерін бағалауды, оларды дамыту бойынша тәсілдерді әзірлеуді қамтиды», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, бекітілген Жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес өңірлерді дамыту жоспарларын өзектендіру көзделеді. Бұл шаралар «адамдар инфрақұрылымға» қағидатын сақтауды қамтитын болады және перспективалы ауылдарды дамытуға бағытталады.

Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысы бюджетке «халықтық қатысудың» оң тәжірибесін 10 есе кеңейтуді тапсырды. Халықтың мемлекеттік қаржыны басқаруға және бақылауға, әсіресе, абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша қатысуын кеңейту мақсатында нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілетін болады.

Президенттің бизнесті өз жұмыскерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыру шараларын әзірлеу бөлігіндегі бастамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік сатып алу қағидаларына және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу қағидаларына тиісті түзетулер енгізілетін болады.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық өсудің жоғары сапасын қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша нақты міндеттер қойылған. Олар толық және мерзімінде орындалады. Президент Жолдауының іс-шараларын іске асыруға қажетті қаражат бюджетте толық көзделетін болады», — деді Ә. Смайылов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button