Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының апта сайынғы қымбаттау көрсеткіші сәуір айындағы 0,6 пайыздан 14 қыркүйектегі мәлімет бойынша 0,1 пайызға дейін азайған.
Мемлекет басшысына тауар биржаларындағы коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасының барысы туралы баяндалды. Онда жергілікті операторлар отынды шағын партиялармен тікелей сатып алуға мүмкіндік алады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің дәрілік заттардың бағасын қайта реттеу, радиожиіліктерді аукционға шығару арқылы мобильді байланыс нарығында бәсекелестік қалыптастыруға жағдай жасау, жолаушылар тасымалы 2 миллион адамнан асатын әуежайлардағы жерде қызмет көрсету түрлеріне тәуелсіз тасымалдаушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ фармацевтика, жол құрылысы, медицина салаларында жүргізіп жатқан монополияға қарсы бақылау шаралары туралы мәлімет берілді.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин Мемлекет басшысына Агенттіктің кедергілер жөніндегі кеңес алаңдарында бәсекелестікті дамытуға қатысты шектеулерді жою қызметі, бәсекелестік мәселелері жөніндегі заң жобасы, бәсекелестікті дамыту тұжырымдамасының әзірлемесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі бәсекелестікті дамытудың соңғы үрдістері туралы айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.