Кеше Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың Чех Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гиклмен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Талқылаудың негізгі мәселелерінің бірі а.ж. қарашада Прага қаласында өтетін Қазақстан-Чехия сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (Комиссияның) 11-ші отырысына дайындық барысы болды.
«Ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында қазақстандық тарап бизнес үшін қолжетімді мүмкіндіктер туралы, жобалар мен бірлескен кәсіпорындар туралы ақпарат алмасуға, іскерлік байланыстар орнатуға қолдау көрсетуге дайын,» – деп атап өтті Қайрат Төребаев.
Өз кезегінде, Чех тарапы ағымдағы жылғы 8-12 қарашада Брно қаласында жоспарланып отырған халықаралық машина жасау көрмесі туралы хабардар етті және қазақстандық тарапты Көрмеге қатысуға, сондай-ақ осы қатысуды комиссияның 11-ші отырысын өткізумен біріктіруге шақырды.
Сонымен қатар, Вице-министр Қайрат Төребаев Чехия Республикасының Елшісін энергетика және өнеркәсіп бойынша 2 жұмыс тобының комиссия алаңында өтетін дайындық барысы туралы хабардар етті.
Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара сауда $148,1 млн.құрады, бұл ретте, Қазақстаннан Чехияға экспорттың оң серпіні байқалады. Мәселен, 7 айда экспорт $53,1 млн. құрап, 26,2% – ға өсті.