Бүгінде Қазақстанда 55 әуе компаниясы жұмыс істейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
Министр халық алдындағы есептік кездесуінде әуе көлігіндегі бақылау мен қадағалау әлі де жетілдірілетінін атады.
«Бүгінде Қазақстанда 55 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде Эйр Астана, Fly Arystan, Скат, Qazaq Air, «Южное небо», «Жетісу Авиа», «Жезқазған Эйр» сияқты 7 компания 75 заманауи авиалайнермен тұрақты тасымалдар орындайды. Ұзақ мерзімді перспективада біздің бұл компаниялар 2031 жылға дейін 39 қазіргі заманғы әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр», – деді Бейбіт Атамқұлов.
Ведомство басшысы азаматтық авиацияны бақылау және қадағалау бағытында еуропалық тәсіл енгізілгенін айтты.
Бүгінгі таңда 8 авиакомпанияның қызметі тоқтатылды. Олардың қатарында Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS air KZ бар.