Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімін қысқарту бойынша заңнамалық механизмі әзірленуде. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
«Бұл ретте барлық ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылау жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту бойынша заңнамалық механизмі әзірленуде», – деді С. Омаров.
Мұнымен қоса министр 2020 жылғы желтоқсанда Салық кодексіне заңнамалық түзетулер қабылданғанын еске салды.
«Онда пайдаланылмайтын жерлерге жер салығының мөлшерлемелерін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту көзделген, яғни, ұтымсыз жер пайдаланушылар пайдаланылмайтын жерлерден өз еркімен бас тартуы үшін экономикалық мәжбүрлеу тетігі іске қосылғанын атап өткім келеді», – деді Сапархан Омаров.