Алматыда қар көшкіні жүру қаупіне байланысты тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынады, деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Департамент таратқан мәліметтерге қарағанда, жылымық кезде жауын-шашынның мол түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығы мен биіктігінің жоғары болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында 5 – 6 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.
«Көшкін жүру қаупі ықтимал болуына байланысты, қарлы тік жартастарға шығуға болмайды. Тауда абай болыңыздар»,- делінген ведомстваның хабарламасында.
Қазгидромет ауа райы болжамына сәйкес 5 сәуірде циклон солтүстік-шығысқа жылжып, Қазақстанның басым бөлігіне ықпал етеді және соған байланысты атмосфералық ағындар кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нөсер жауын алып келеді. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, солтүстік-батыста – жаяу бұрқасын, оңтүстік-батыста – шаңды дауыл соғып, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста – найзағай жарқылдайды.