AgroБасты

Үш облыста 11 мың тонна өнім делдалсыз сатылған

Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев, Юрий Жулин мен Ерлан Саировтың депутаттық сауалына берген жауабында Премьер-Минстр Асқар Мамин АӨК саласында кооперацияны дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

«АӨК дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бойынша заңнаманы жетілдіру, оның ішінде кооперацияны дамыту орталықтарын құру көзделген. Сондай-ақ кредиттік серіктестіктердің көрсетілетін қызметтерінің тізбесін кеңейту (жинақ ақшаларды қабылдау, аударым операциялары), қатысушылардың оған кіруі мен шығуын барынша оңайлату бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелер пысықталатын болады», – дей келе, Үкімет басшысы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау үшін жайылымдармен, жем-шөппен қамтамасыз ету, өткізу нарықтарына қол жеткізу бойынша шаралар қабылданатынын айтады.

Соның негізінде ауыл шаруашылығы кооперациясын, оның ішінде өндірістік, тұтыну, сервистік және қаржы кооперативтерін дамыту үшін жағдайлар жасалмақ.

«2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамыту жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Үкімет резервінен 3 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлінді. Жобаға 2500 жеке қосалқы шаруашылықтың басын қосқан 15 ауыл кооператив, 8 қайта өңдеу кәсіпорны, 141 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және 82 сауда объектісі тартылды. Үш облыста 11 243,7 тонна өнім және 5 205 мың дана жұмыртқаны делдалдардың қатысуынсыз өткізу ұйымдастырылды», – делінген Прмьер-Министрдің жауабында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button