2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр баспана салынады
2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
«Құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106 пайыз деңгейінде жоспарланған. Биыл саладағы өсім темір-бетон бұйымдары өндірісінің 16, кірпіштер 15, цемент 11, құрылыс ерітінділері 13, жылу оқшаулағыш материалдар 12,5, гипсокартон 11 пайыз артуы есебінен қамтамасыз етіледі», – деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр.
Осы ретте Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысы осы жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй құрылысында жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырғанын атап өтті.
«2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Саладағы қажеттілікті анықтау мақсатында негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргіздік. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер 10 тауар позициясы бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді», – деді ол.
Оның айтуынша, 11 позиция бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шамамен 50 пайызды қамтамасыз етіп отыр. Ал линолеум, түсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша қазіргі уақытта ішкі нарықта өндіріс жоқ.
«Ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен толық қамту мақсатында біз қазір шет елдердің трансұлттық компаниялармен Қазақстан аумағында импорт алмастыратын өндіріс ашу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және «Самұрық-Қазына қорымен» бірлесіп, Құрылыс индустриясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірледік. Онда саланы қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған», – деді Бейбіт Атамқұлов.