Ұлттық банктің мәліметінше, төлем карталарымен жасалған он транзакцияның тоғызы қолма-қол ақшасыз жасалған. 2020 жыл ішінде қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын қолдана отырып, 35,3 трлн теңгенің 2,9 миллиард қолма-қол ақшасыз операциясы жүзеге асырылды. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 2,4 және 2,5 есе асып түседі.
Пандемия кезінде елде қолма-қолсыз транзакциялар мен интернет-дүкендер көбейді. Бұл қолма-қол ақша алу санының азаюымен расталады. 2020 жылы олардың саны 21%-ға азайды (297 млн операция). Төлем карточкаларын ұстаушылар 16,6 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды.
1 ақпанындағы жағдай бойынша 49,3 миллион төлем картасы айналымда болды, 26,5 миллион картаны (53,8%) ұстаушылар белсенді пайдаланады.
Төлем карталары арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу инфрақұрылымы да кеңейіп келеді.Төлем карталарын қабылдайтын кәсіпкерлер саны артты. Карта арқылы төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны – 108 мыңнан, ал сауда нүктелері – 169 мыңнан асты. Қазақстанда барлығы 203 мың POS-терминал жұмыс істейді.
2019 жылмен салыстырғанда, карта арқылы төлем қабылдайтын бөлшек сауда орындары (26%-ға) мен POS-терминалдардың (26%-ға) көбейгені байқалады. 2020 жылдың соңына қарай POS-терминалдардың 86%-ы контактсыз төлем функциясын қолдады.