Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысының республикалық кезеңінде үздіктер қатарынан көрінді.
Сайыстың «Қолданбалы математика» секциясына «Тік типті жел қондырғысының жұмысын математикалық модельдеу» жобасын ұсынған 12 сынып оқушылары Сағидолла Құдайбергенов пен Нұртілеу Ережепов 1-ші орынды, «Қоршаған ортаны қорғау» секциясына «Жердің озон қабатын қалпына келтіру» жобасын ұсынған 10 сынып оқушылары Мағжан Серікбеков пен Диас Маратов жұбы жүлделі 2 –ші орынды жеңіп алды.
Сағидолла мен Нұртілеудің пікірі бойынша, жел турбинасының негізгі кемшіліктерінің бірі – тұрақсыздық. Бөлінген энергия мөлшері әртүрлі факторларға байланысты жиі өзгеріп отырады. Сол үшін жас зерттеушілер жел турбинасын орнатқаннан кейін алынған энергияның нақты мөлшерін есептеуге болатын әдістер қажет деп есептейді.
– Біздің жобаның мақсаты көптеген факторларды (желдің жылдамдығы, ауа райының өзгергіштігі, құрылымның орналасуы, техникалық сипаттамалары) ескере және математикалық есептеулерді қолдана отырып, жел генераторының мінез-құлқын статистикалық әрі динамикалық жұмыс режимдіндегі әрекетін бейнелейтін математикалық модель құру. Осының арқасында біз энергия мөлшерін есептеп қана қоймай, құрылымның өзінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін сипаттамалық модель алдық, -дейді олар өз сөздерінде.
Сондай-ақ Мағжан мен Диастың бірлесе қорғаған жобасының өзектілігі де өте жоғары. Өйткені, олар жердегі озон қабатын қалпына келтіру әдіс-тәсілінің теориялық жаңа идеясынмакет түрінде ұсынып отыр.
– Ғылыми жоба озон қабатының тесілуі, қоршаған ортаға әсері және қалпына келтіруге арналған. Kaz-Ozono-SMJSM –озонатор зауыты озонды өндіреді. Көміртекті материалдармен қапталған озон құбыры арқылы Kaz-Ozono-SMJSM озонаторынан өндірілген озон газын жоғары қысымды компрессор арқылы, 30-50 шақырым биіктіктегі Lockheed Martin компаниясының дирижабль көмегімен стратосфераның озон концентрациясы аз бөлігіне газды тасымалдайды, -дейді қос шәкірт.