EconomyБасты

Мәжілісте солтүстік облыстарды газдандыруға қатысты ұсыныстар айтылды

Солтүстік облыстарды газдандыру жөніндегі нормативтік ережелерге тиісті өзгерістер енгізу керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков мәлім етті.

«Соңғы жылдары еліміз бойынша қарқынды түрде жүргізіліп жатқан газдандыру мәселесі, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге әсер ететін үлкен де маңызды шара болып отыр. Мәжілістегі ҚХП фракциясына белгілі сарапшы-ғалымдардан келіп түскен ұсыныстарда кейбір нормативтік құжаттардағы газдандыруға кедергі келтіріп отырған қайшылықтарды ашып берді. Ғалымдардың пікірінше, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 24 қарашадағы шешіміне «Сары-Арқа» магистралдық газ құбырымен газ жеткізу, солтүстік облыстарды газдандыру жөніндегі нормативтік ережелерге тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр», – деді депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, еліміздің солтүстік облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында аяз –40 градусқа, кейде –50-ге жетеді. Ал бұл жағдай қолданыстағы нормалар мен ережелерде ескерілмеген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қысымды реттегіштерді, газды есепке алу құралдарын абонентке 2 сатылы схема бойынша ашық жерде орнатып беру оңтүстік облыстардың климаттық жағдайларында ғана қолдануға болады.

«Бұл құжаттардағы өнімдер, газ қысымын реттегіштер мен газ есептеуіштер 2 сатылы схемалық орнатуға солтүстік өңірлердің аязына шыдамайды. Себебі мұндағы негізгі компоненттер еуропалық стандарттар бойынша жасалады, олар –25°c-ға дейін сынақтан өте алады. Сондықтан осы өнімдерді импортпен әкелетін өндірушілер, бұл өнімдердің қатты аязда жұмыс істей алатындығына кепілдік бермейді. Егер –35 және –40 градус аяз болса, бұл өнімдер істен шығады. Қолданыстағы нормативтік құжатқа өзгерістер енгізу қажеттілігінің маңызды бір факторы экономикалық қажеттіліктен туындап отыр. 2 және 3 сатылы схемалық газ тарату жүйесінің әртүрлі нұсқаларына талдау жүргізілген кезде, қалалар мен ірі елді мекендер үшін 3 сатылы схемасы неғұрлым тиімді екендігін көріп отырмыз. Яғни, ол газды абоненттерге үйге кіргізіп монтаждау деген сөз. Өкінішке қарай, осы схемаларын таңдауды реттейтін қолданыстағы нормативтік құжаттарда бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары бар», – деп тоқталды Ж. Ахметбеков.

Осы айтылғандарды ескере отырып, нормативтік құжаттарға енгізуге мыналар ұсынылды:

1. Жеке тұлғаларды газ құбырларына қосуға арналған техникалық шарттарды жасасу кезінде, бұл қызметтің құнын жобада алдын ала ескеру және оны барынша оңтайландыру;

2. «Ақылды есептегіштерді» сатып алуды, монтаждауды жобалық шешімдерге енгізуді «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ауқымына енгізу және олардың құнының сипаттамаларын біріздендіру;

3. Халыққа түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін «ақылды есептегіштерді» сатып алуға және орнатуға арналған шығындарды тапсырыс берушінің қаражаты есебіне жатқызу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button