FinanceБасты

Қазақстанда зейнетақы аннуитетінің құны төмендеді

Қазақстанда зейнетақы аннуитеті азаматтар үшін айтарлықтай қолжетімді бола түсті. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты.

Оның айтуынша,экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заң зейнетақы аннуитетін беру қағидаларына біраз түзетулер енгізді.

Негізгі жаңалықтар:
– зейнетақы аннуитеті шарты бойынша ең төмен төлем мөлшерін ең төмен зейнетақыдан ең төмен күнкөріс шамасының 70%-на жақын өзгертуге;
– кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін сақтанушының 45 жасынан бастап ер адамдар үшін 55 жастан және әйелдер үшін 52 жастан (кейіннен әйелдердің жасын 2027 жылы 55 жасқа дейін ұлғайта отырып) өмір бойы ай сайын сақтандыру төлемдерін алу құқығымен жасау мүмкіндігіне қатысты болды.

Зейнетақы аннуитеті айтарлықтай арзандады. Мәселен, 2020 жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 млн теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 млн теңге болды. Енді сол жастағы ер адам аннуитетті – 6,7 млн теңге, ал әйел адам – 9,0 млн теңге.

«Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 55 жастан бастап төлемдер алатындай болып, 45 жаста алған жағдайда ер адамда кемінде 6,1 млн теңге, ал әйелде 7,7 млн теңге болуға тиіс. Егер жалпы цифрларды алар болсақ, бүгінгі күні шамамен 61 мың адам 283 млрд теңге сомаға зейнетақы аннуитеті шартын жасаған, сол арқылы олар өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан өздеріне өмір бойғы зейнетақы төлеміне кепілдік алды», – деді Мария Хаджиева.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге пайдаланатынын, не ақшасын зейнеткерлікке жинақтай беретінін өздері шешуге құқылы.

Әрине, жинақ ақшасының бір бөлігін зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмсау көбірек қызықтырары сөзсіз, бірақ еңбек қызметі тоқтағаннан кейін кірістің азаятынын да ұмытпаған жөн. Тиісінше, зейнетақы төлемдерін алу жолдары жайында зейнетақы капиталын қалыптастыру кезінде, яғни жұмыс істеп жүрген кезде ойлау керек.

Қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан сатып алу құқығын пайдалана алады. БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер алдын ала болжап білуге болмайтын жарналардың тұрақты түсуіне, мөлшеріне және инвестициялық кірістілігіне байланысты, ал зейнетақы аннуитеті белгілі бір төлемдері бар қаржы құралы болып табылады, ол нақты белгіленген мөлшерде, кепілдік берілген кірістілікпен өмір бойы төлемдер алуды білдіреді.

«Зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан ай сайынғы негізде, сақтанушының бүкіл өмірі бойы жүзеге асырады, бұл ретте төлемдер жыл сайын кемінде 5%-ға индекстеліп отырады. Бұдан басқа төлемдердің кепілдік берілген кезеңі опциясын қосу мүмкіндігі бар, ол кезең ішінде зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдер сақтанушының тірі болған-болмағанына қарамастан төленеді», – деді Хаджиева.

Өмірді сақтандыру жөніндегі компания қызметі лицензияланады және оны мемлекет бақылайды. Зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерге «Сақтандыру төлемдерін кепілдік беру қорының» қаражаты есебінен кепілдік беріледі, ол ӨСК таратылған және банкрот болған жағдайда зейнетақы аннуитеттері бойынша төлемдердің үздіксіз болуын және сақтандыру портфелінің құрамына кіретін міндеттемелердің сабақтаса орындалуына мүмкіндік береді.

«Зейнетақы аннуитеті өнімдерінің түрлерін көбейту мақсатында 2021 жылы бірлескен аннуитеттерді енгізу жоспарланып отыр, ол зейнетақы аннуитеті шартына бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын білдіреді. Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің ӨСК-ден аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпейтін болып, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді.

Бұл жаңалықтар зейнетақы аннуитеті шартын зейнетақы жүйесі дамыған мемлекеттердегі зейнетақы жоспарлары сияқты зейнетақыны жоспарлаудың тиімді құралы етеді деп күтеміз. Бұл азаматтарға зейнетақы төлемдерінің жолын өздерінің мақсаттары мен қажеттілігіне қарай таңдауына мүмкіндік береді» – деп қорытындылады қаржы реттеушісі төрағасының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button