Алматыда жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық пен білім берудің өзгеруі талқыланды

Алматыда жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылықтың өзгеруіне арналған халықаралық inVision U Forum өтті. Форум барысында жасанды интеллектінің білім беру мен еңбек нарығына ықпалы, сондай-ақ болашақ мамандарға қойылатын жаңа талаптар талқыланды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Іс-шараға академиялық қауымдастықтың, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен студенттер қатысты. Пікірталастың негізгі тақырыбы адам мен жасанды интеллектінің бірлесіп жұмыс істеуі жағдайында көшбасшылық ұғымының қалай өзгеретіні және бүгінгі жас ұрпаққа қандай білім мен дағдылар қажет екеніне арналды.
Форумға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, inVision U және inDrive негізін қалаушы Арсен Томский, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев және басқа да сарапшылар қатысты. АҚШ, БАӘ, Нидерланд және Қазақстаннан келген спикерлердің баяндамаларын тыңдап, білім беру мен көшбасшылықты дамыту мәселелерін талқылауға 400-ден астам адам қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова форум қатысушыларына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді. Өз сөзінде министр жасанды интеллектінің кәсіптер мазмұнына және еңбек нарығына әсері артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты түлектерден технологиялық сауаттылық, кәсіпкерлік дағдылар және жаңа өнімдер әзірлей білу қабілеті барған сайын талап етіледі. Бұл – inVision U білім беру бағдарламаларында дамытуға басымдық берілетін құзыреттер.
Форум inVision U-да жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс өтті. Биыл бакалавриат және Foundation бағдарламалары бойынша 112 студент білім ала бастады. Бакалавриат бағдарламасына қабылданған алғашқы студенттер толықтай грант негізінде білім алады.
Бакалавриат бағдарламасының іске қосылуы Арсен Томскийдің білім беру саласындағы бастамасын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бағдарлама пәнаралық академиялық білімді нақты міндеттерді практикалық тұрғыда шешумен ұштастырады. Оның негізгі бағыттары – сыни ойлау, көшбасшылық дағдылар және белгісіздік жағдайында шешім қабылдау қабілетін дамыту.
Бұл бағыттар білім беру бағдарламасы мен форумның негізгі тақырыптарын өзара сабақтастырды. Студенттер жаңа оқу жылын бастап жатқан кезде зерттеушілер, оқытушылар және бизнес өкілдері жасанды интеллект күнделікті кәсіби қызметтің бір бөлігіне айналған жағдайда болашақ көшбасшыларға қандай білім мен дағдылар қажет болатынын талқылады.



