Social

Қазақстан құсбегілері халықаралық додада төрт жүлдеге қол жеткізді

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы құсбегіліктен төрт жүлдеге қол жеткізді. Үш бағыт бойынша сынға түскен ұлттық құрама бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде иеленіп, дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетті

Құсбегілік Федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, құрама мүшелері жарысқа тыңғылықты дайындықпен аттанды. Соңғы айларда спортшылар қырандарын жарысқа баптап, жаттығу жұмыстарын күшейтті.

Еске сала кетсек, Қазақстан атынан тоғыз спортшы сынға түскен болатын.

Құрама сапындағы ең жоғары нәтижеге Серікболсын Жалғасұлы қол жеткізді. «Қаршыға салудан» сынға түскен ол қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді.

«Бүркіт салудан» Арман Қошқаров үздіктер қатарынан көрінді. Ол жарысты екінші орынмен аяқтап, күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Ителгі салу» бәсекесінде Қазақстан құрамасының бірден екі спортшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Бақдәулет Бабажан екінші орынды иеленсе, Ерлан Кенжетаев үшінші нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, бұл сайыста ұлттық құрама қоржыны тағы бір күміс және бір қола жүлдемен толықты.

Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button