
2026-2027 оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде білім беру инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі міндет – оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жағдай жасау.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылуы қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтып, балалардың заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік береді.
Жаңа мектептердің ең көбі Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылды. Оларда оқу сабақтарын өткізуге, спортпен шұғылдануға, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және техникалық дағдыларын дамытуға қажетті жағдайлар қарастырылған.
Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жұмыстары да жалғасуда. Құрылыс Арнаулы мемлекеттік қордың, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, жергілікті бюджеттердің қаражаты және тартылған жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1300 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама мектеп ғимараттары мен материалдық-техникалық базаны жаңартуды, қауіпсіздік деңгейін арттыруды және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Білім беру инфрақұрылымының тапшылығын кезең-кезеңімен азайту және еліміздің барлық өңірінде балалардың білім алуына тең жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасады.



