Қазақстанда Сәтбаев университеті базасында Бань Мо шеберханасы ашылады

Сәтбаев университеті Қазақстанда алғашқы практикалық оқыту орталығы – Бань Мо шеберханасын (Ban Mo Workshop) ашады. Шеберханада инженерлік-техникалық мамандарды даярлау қытайлық модель негізінде ұйымдастырылады. Мұнда студенттер заманауи өнеркәсіптік технологияларды меңгеріп, өндіріс орындарында қолданылатын жабдықтармен жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған отандық кадрлардың практикалық даярлығын күшейту және экономиканың нақты секторының қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи білім беру модельдерін енгізу жөніндегі міндеттерге сәйкес келеді.
Сәтбаев университетінің делегациясы Шаньдун провинциясына жасаған сапары барысында осы шеберхананы ашу туралы келісімге қол жеткізді. Сәтбаев университеті Shandong University of Engineering and Vocational Technologies оқу орнымен тиісті меморандумға қол қойды. Жобаны іске асыруға сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Ғылыми-техникалық орталығы және Қазақстан-Қытай автокөлік өндірушілерінің бірі қатысады.
Сәтбаев университеті ірі өнеркәсіп орындарымен және технологиялық компаниялармен, соның ішінде Қазақстанда өндіріс орындарын дамытып жатқан қытайлық серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан.
«Болашақ инженерлер оқу барысында заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, технологиялық жобаларға қатысып, өндірістік тәжірибе жинақтауы біз үшін өте маңызды. Бань Мо шеберханасы студенттерді даярлау үдерісін өнеркәсіптік серіктестеріміздің технологиялары мен нақты міндеттерін ескере отырып ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деді Сәтбаев университетінің проректоры Сапар Шалабаев.
Бань Мо шеберханасында студенттер академиялық білімдерін практикада қолдануға, заманауи технологияларды меңгеруге және Қытайдың кәсіптік-техникалық оқыту жүйесінің тәжірибесін игеруге мүмкіндік алады. Мұндай формат Қазақстан өнеркәсібіне қажетті құзыреттерге ие инженер кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде жол картасы әзірленіп, жобаны практикалық тұрғыда іске асыру жұмыстары басталады.



