Caspian Sea Action Week аясында Каспийді зерттеудегі ғылыми ынтымақтастық туралы «Бір Каспий – бір болашақ» сессиясы өтті

Ақтауда Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық апталығы аясында «Бір Каспий – бір болашақ» тақырыбында фасилитациялық сессия ұйымдастырылды. Сессияда «Бірлескен ғылыми зерттеулер – Каспий теңізінің өзекті мәселелерін шешудің кілті» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Іс-шараға Қазақстан мен Каспий маңындағы елдердің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар мен жетекші ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Жиында Каспий теңізіне қатысты гидрометеорологиялық, экологиялық және гидробиологиялық зерттеулердің өзекті мәселелері қаралды. Сонымен қатар теңіздің қазіргі жағдайын зерттеу, биоалуантүрлілігін сақтау, климат өзгерісінің ықпалын бағалау және халықаралық ғылыми байланысты нығайту жолдары талқыланды.
Қатысушылар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын айқындау үшін аймақ елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіру маңызды екенін атап өтті.

