Америкалық компаниялар Қазақстандағы қызметін кеңейтуге мүдделі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ-тың сауда миссиясы аясында елімізге келген жетекші америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар іске асырылып жатқан және перспективалы жобалардың жай-күйін, сондай-ақ америкалық компаниялардың қазақстандық нарықтағы қызметін кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында «Honeywell» компаниясының өкілдері қазірдің өзінде Қазақстанда төрт кәсіпорын арқылы жұмыс істеп жатқанын және студенттерге арналған екі білім беру бағдарламасын ашқанын хабарлады. Жақын болашақта компания елдегі қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Apple» мен «Meta» деректер орталықтарын дамыту мәселелерін көтеріп, инфрақұрылымдық және реттеуші мәселелерді шешуге қолдау көрсетуін сұрады.
«The Coca-Cola Company» Шымкентте зауытты іске қосқанын және Ақтөбе облысында тағы бір кәсіпорын салуды жоспарлап отырғанын хабарлап, мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетуге мүдделілік білдірді.
«Boeing» Қазақстандағы қызметін кеңейту жоспарларын, соның ішінде авиация саласында жергілікті мамандарды оқыту және даярлау бағдарламаларын таныстырды.
Бірқатар америкалық компаниялар өндіріс ашу және сауда бағыттарын дамыту арқылы Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық білдірді.
АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуршид Чокси Қазақстанның америкалық бизнес үшін өңірдегі негізгі серіктес болып қала беретінін және индустрияландыру, инновациялар мен логистика салаларында жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Ә.Қуантыров америкалық компаниялардың Қазақстанға жоғары қызығушылығын атап өтті: «Біз америкалық бизнестің Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге деген айтарлықтай ұмтылысын көріп отырмыз. Келесі жылы ашылатын Алматы-Нью-Йорк тікелей әуе рейсі, біздің қатынастарымыздың деңгейін ескерсек, көптен күткен қадам. Ол серіктестіктің дамуына қосымша серпін беріп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар айтылған бастамаларды жан-жақты пысықтауды жалғастыруға және жобаларды барынша тез практикалық іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге уағдаласты.