AgroБасты

Қазақстанда мал шаруашылығын цифрландыру қалай жүргізілуде

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы мен ветеринария саласын цифрландыру мәселесі қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

АӨК жаңғырту шеңберінде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге назар аударылады. Министрдің мәліметінше есепті жылы азаматтар мен ұйымдарға 93 мемлекеттік қызмет түрі мен олардың нұсқалары қолжетімді болды, оның ішінде 51 қызмет электрондық форматта ұсынылды. 2024 жылы 5,9 млн қызмет көрсетілген. Оның 5,1 млн-ы немесе 86%-ы онлайн форматта ұсынылған.

«Мал шаруашылығы саласында ең көп сұранысқа ие болған қызметтер қатарында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жәрдемдесуге, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруге, жануарларды өсірумен айналысатын нысандарға нөмір беруге өтінім беру бар. Ветеринария саласында көрсетілген қызметтер саны бойынша ветеринариялық паспорт беру, ветеринариялық анықтама, экспорт кезінде тасымалданатын нысандарға ветеринариялық сертификат беру қызметтері көш бастап тұр. Осылайша, өтінімдердің едәуір бөлігі шаруашылық қызметті жүргізу мен өнімді экспорттау кезінде ветеринариялық талаптарды сақтау үшін қажетті міндетті құжаттарды ресімдеуге байланысты екенін атап өтуге болады», – деді министр.

Ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы бизнес-үдерістерге реинжиниринг шаралары аясында 31 бизнес-үдеріске кешенді шолу жүргізілді, олардың бірі – «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді жүргізу».

Реинжиниринг нәтижесінде сәйкестендіру үдерісі цифрлық, мобильді және толық автоматтандырылған сипатқа ие болды, ветеринариялық мамандар мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған мобильдік қосымша енгізілді, деректерді оқу технологиясы жүзеге асырылды, ал ветеринариялық паспорт электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл өз кезегінде үдерістегі қадамдар санын 80%-ға қысқартуға, сондай-ақ бизнес-рөлдер санын 50%-ға азайту арқылы бюрократиялық және әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.

Осылайша, реинжиниринг сәйкестендіру үдерісінің тиімділігі мен ашықтығын айтарлықтай арттырды, ветеринариялық мамандар мен жануар иелерінің жұмысын барынша ыңғайлы етті, сондай-ақ ветеринария саласын одан әрі цифрлық трансформациялауға негіз қалады.

Ведомство басшысының сөзінше, Astana Hub экожүйесінде ветеринария мен мал шаруашылығы үшін цифрлық шешімдер әзірлейтін стартаптар мен компаниялар дамып келеді. Олар ауыл шаруашылығы жануарларының басын есепке алуды, олардың денсаулық жағдайын мониторингілеуді қамтамасыз ететін жүйелер мен аппараттық-бағдарламалық кешендерді, сондай-ақ агроөнімдерді сату және сатып алу платформаларын әзірлеуде.

Агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлық технологияларды енгізудің бір мысалы – ауыл шаруашылығы жануарларының жай-күйін бақылауға арналған отандық смарт-трекер мен мониторинг жүйесі болып саналады. Бұл шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға жануарлардың жағдайын онлайн режимде қадағалауға және ауру салдарынан өлім-жітімді дер кезінде алдын алуға мүмкіндік береді.

Жүйе келесі қызметтерден тұрады:

  • тағамдық белсенділікті талдау датчигі;
  • жалпы физикалық белсенділік датчигі;
  • дене температурасы датчигі;
  • жануардың үдеуі мен қозғалыс белсенділігіне арналған датчик.

Аталған шешім елдегі ветеринариялық қызметті цифрландыруға, сондай-ақ қаржы ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар үшін мал шаруашылығын мақсатты қаржыландыру және сақтандыру үдерістерін цифрлық форматқа көшірудің негізін қалайды.

Бүгінгі таңда жүйе еліміздің үш өңірінде енгізіліп, табысты жұмыс істеуде.

Ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлердің күшеюі және агроөнеркәсіптік кешеннің трансформациясы жағдайында мал шаруашылығын тұрақты дамытудағы негізгі бағыттар – цифрландыру, дәлме-дәл технологияларды енгізу және ветеринариялық инфрақұрылымды жетілдіру болып саналады. Баяндама барысында министр отандық секторды реформалау мен жаңғырту үшін маңызды болып саналатын қазіргі әлемдік үрдістерге шолу жасады.

«Мал шаруашылығын цифрландыру және автоматтандыру – мал шаруашылығындағы цифрлық трансформация бақылаудың, өнімділіктің және биологиялық қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. RFID-таңбалар, қозғалыс датчиктері, смарт-қарғыбаулар мен жасанды интеллект жүйелері сияқты технологиялар енгізілуде. Бұл жүйелер жануарлардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, аурулардың алдын алуға, логистика мен табынды басқаруды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бірқатар елдерде (мысалы, Нидерланды, Дания, Канада) осындай жүйелер кеңінен енгізілген. Дәлме-дәл мал шаруашылығы (Precision Livestock Farming) – цифрландырудың келесі кезеңі болып саналады және мынадай бағыттарды қамтиды. олар: автоматтандырылған азықтандыру, суару және микроклиматты басқару жүйелері өнімділікті 10–25%-ға арттырып, шығындарды 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Аурулар мен репродуктивтік мінез-құлықты болжау үшін жасанды интеллекті, жайылымдарды бақылау үшін дрондар мен спутниктерді пайдалану. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде дәлме-дәл мал шаруашылығын дамыту көміртегі ізін азайту мен биологиялық қауіпсіздікті арттыру құралы ретінде субсидиялар арқылы қолдау табуда», – деп атап өтті министр.

Зооауруларды бақылау, антимикробтық төзімділікпен күрес және экспортты қамтамасыз етудегі ветеринариялық медицинаның маңызды рөлі – ветеринариялық қызмет жүйесін жаңғыртуды талап етеді. 2024 жылы әлемдік ветеринариялық қызметтер нарығының көлемі $131 млрд деңгейіне жетті, ал 2034 жылға қарай $233 млрд болады деп болжануда. Аталған саладағы дамудың негізгі бағыттарына: фермерлерге арналған телемедицина (онлайн-диагностика және кеңес беру), әсіресе шалғай өңірлерде мобильдік ветеринариялық клиникалар құру, клиникалық тәжірибені басқару және вакцинациялауды есепке алу үшін цифрлық платформаларды біріктіру кіреді.

Халықаралық деңгейде ветеринариялық дәрілік заттарды, вакцинацияларды және аурулар ошақтарын есепке алуға арналған кешенді цифрлық жүйелер енгізілуде.

«Жануарлар әл-ауқаты (animal welfare) стандарттарын сақтау – бүгінде тек этикалық талап қана емес, сонымен қатар экономикалық қажеттілікке айналуда. EuroTier 2024 зерттеулеріне сәйкес, жануарлардың әл-ауқат деңгейі жоғары фермаларда өлім-жітім аз, сүт өнімі мен салмақ қосу жоғары, ет пен сүттің сапасы жақсырақ. Қолданылып жатқан тәсілдерге тоқталсам, жайлылықты қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелер (желдету, еденді жылыту, музыка ойнату), тасымалдау кезінде стрессті азайту жүйелері, жануарлардың биологиялық мінез-құлқын ескеретін жетілдірілген ферма құрылымдары енгізілуде», – деп атап өтті министр.

Аграрлық секторды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мал шаруашылығы мен ветеринария бойынша деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеде шоғырландыру ұсынылады. Бұл шара фермерлік шаруашылықтардан бастап салалық ведомстволарға дейін барлық деңгейде үздіксіз есеп жүргізуді, кешенді талдауды және жедел басқарушылық шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығында смарт-фермалар тұжырымдамасын енгізуге және үдерістерді автоматтандыруға ерекше назар аударылуда. Автоматтандырылған сауу, азықтандыру, климатты басқару, бейнебақылау жүйелері мен жануарлардың денсаулығын бақылауға арналған датчиктер сияқты роботтандырылған шешімдерді белсенді дамыту ұсынылады. Аталған шешімдерден алынған барлық деректер бірыңғай ветеринариялық жүйеге түсіп, табынның цифрлық профилін қалыптастыруы тиіс. Бұл өнімділікті арттыруға, тәуекелдерге уақытылы әрекет етуге және адами факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, мал шаруашылығын цифрландыру агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button