
Бүгін елордада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Менің байрағым» атты мазмұнды да жарқын мерекелік шара өтті. Бұл бастама – Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асып, мемлекеттік рәміздердің қоғам өміріндегі айрықша орны мен маңызын көпшілікке тағы бір мәрте тереңінен ұғындыруға бағытталды. Шараның басты мақсаты – елдің тұтастығы мен егемендігінің нышандары болып саналатын Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимнге деген құрметті арттыру, сондай-ақ азаматтардың бойында отансүйгіштік пен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру болды.
Мереке аясында қала көлемінде ауқымды ақпараттық-мәдени іс-шаралар кешені өтті. Сағат 10:00-ден бастап арнайы құрылған мобильді топтар елорданың әртүрлі аудандарында тұрғындармен интерактив форматта жүздесіп, мемлекеттік рәміздерге байланысты викториналық сауалдар қойып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстады. Бұл — тұрғындардың мерекеге деген қызығушылығын оятып, рәміздер туралы білімін тереңдетудің ұтымды тәсіліне айналды. Сонымен қатар, осы күні Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына 3000 дана шағын жалауша таратылып, көпқабатты үйлердің терезелеріне 300-ге жуық үлкен Мемлекеттік Ту ілінді. Елорданың әр бұрышы көк байрақпен көмкеріліп, мерекенің көрнекі рухын сезінуге мүмкіндік туды.
Шараның екінші жартысында, «Бәйтерек» монументі алаңында басталған салтанатты бөлім де мазмұн тереңдігімен, көркемдік ерекшелігімен дараланды. Алдымен музыка ансамбльдері көпшілікке арнап танымал шығармаларды орындап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Ал басты назарды аударған ерекше жоба – елімізде алғаш рет ұйымдастырылған спидкубинг шоуы болды. Бұл көрініс – Мемлекеттік Туға деген терең құрметтің заманауи форматы. 3 000 дана Рубик кубигінен құрастырылған Тудың көлемді бейнесі – техникалық шеберлік пен ұлттық мақтаныштың үйлескен үлгісі ретінде есте қалды. Мұндай деңгейдегі қойылым елімізде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған, сондықтан ол шараның тарихи мәнін одан әрі арттырды.
Мерекелік іс-шараның ресми бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен ашылды. Салтанатты сәтте Гимнді Ұлттық Ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі орындап, алаңға жиналған көрермен әнұранды бір кісідей айтты. Осыдан кейін Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің маңызы туралы жүрекжарды лебізін білдірді.
Концерттік бағдарламада Ұлттық Ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі арнайы музыкалық композицияларымен көрермен ықыласына бөленсе, «Шалқыма» халық би ансамблінің орындауындағы «Есіл еркелері» биі сахналық көркемдіктің ұлттық нақыштағы үлгісін паш етті. Алаңда жиналғандар арасында викториналық ойындар ойнатылып, дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтар ұсынылды. Ән кешінде «Аламан» тобы «Отаным – Қазақстаным» және «Көк байрағым» әндерін орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Танымал орындаушылардың қатысуы шараның рухын айқындай түсті: Әсем Омар «Астана» әнін нәзік те әсерлі ырғақпен жеткізсе, Еркебұлан мен Бауыржанның «Қазақия» әні көпшілікті тебірентті. Ал Парасат Отанның орындауындағы «Көк тудың желбірегені» – мерекенің мазмұнын қорытындылай түсті.
Шара барысында жастар мемлекеттік туды биік көтеріп, сахна төріне салтанатты түрде алып шықты. Одан кейін барлық көрермен жұмыла қолына көк байрақ алып, бірге желбіретіп, мерекенің рухын асқақтатқан ерекше көрініс орын алды. Бұл сәт бірлік пен патриотизмнің нақты символына айналып, алаңға жиналған жұртшылықтың жүрегінен орын алды.
Сонымен қатар, мереке аясында түрлі елден келген шетелдік азаматтар да сахна төріне шығып, көрермендерге жылы лебіздерін білдіріп, Қазақстан халқын мерекемен құттықтады. Бұл – мемлекеттік рәміздеріміздің халықаралық деңгейде де құрметке ие екенінің жарқын белгісі болды.
Астана қаласында өткен мерекелік іс-шара мазмұны мен форматы жағынан кең ауқымды қамтып, көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен ұлттың бірегейлігін дәріптеген бұл мереке елорда өміріндегі мәні зор мәдени оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.