Education

Колледж студенттері мен педагогтері үшін академиялық ұтқырлық қолжетімді болды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде студенттер мен педагогтердің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру қағидаларын бекітті. Енді колледж студенттері мен оқытушылары елімізде де, шет елдерде де білім алмасу бағдарламаларына қатыса алады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлікте атап өткендей, бағдарламалар кемінде екі академиялық кезеңді аяқтаған және үлгерімінің (GPA) орташа балы 2,5-тен төмен емес студенттер үшін қолжетімді.

«Шетелдік ұтқырлыққа қатысу үшін шетел тілін меңгеруін растайтын халықаралық сертификаты (ең төмені B2 деңгейі) талап етіледі.

Бағдарламаға қатысудың жас шектеуі — Қазақстан үшін 16 жастан, шетелдік тағылымдамалар үшін 18 жастан басталады. Конкурстық іріктеу жылына екі рет өткізіледі» – делінген хабарламада.

Қаржыландыру бюджет есебінен, гранттармен, демеушілер немесе қатысушылардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің бағдарламаға қатысу кезеңінде шәкіртақысы, ал оқытушылардың жалақысы толық көлемде сақталады.

«Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру құралы ретінде академиялық ұтқырлықты дамытып, жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануға ұмтылуда. Бұл жай ғана білім мен тәжірибе алмасу емес – бұл білімге салынған инвестиция және халықаралық тәжірибесі бар бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Бастама техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау аясында жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұхамбетов.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарды студенттер оқу орнына, ал оқытушылар жұмыс орнына тапсырады. Шетелдерде жергілікті бюджет есебінен оқу үшін колледж орналасқан жердегі білім басқармасына жүгіну қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев академиялық ұтқырлықтың Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерді интернационалдандыруда маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button