TechБасты

Қазақстанда су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі әзірленуде

Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы су тасқыны жағдайын ғарыштан мониторингтеу үшін арнайы ақпараттық жүйе әзірленіп жатқанын баяндады, деп хабарлайды РrimeМinister.kz сайты.

Оның айтуынша, су тасқыны салдарын жою үдерістеріне жедел ден қою мақсатында Министрлік бірінші кезекте арнайы qoldau.gov.kz веб-ресурсын әзірледі. Онда жедел көмек желілері мен гуманитарлық көмек пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат, қоғамдық штабтар мен өңірлік комиссиялар туралы мәліметтер орналастырылды.

Сондай-ақ аталған ресурста өтемақы түрлері, оларды алу реті және су тасқынынан кейін тұрғын үйді қалпына келтіру тәртібі, азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың түрлері туралы ақпарат жарияланды.

Мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті жеңілдету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп eGov mobile мобильдік қосымшасында су тасқыны салдарынан материалдық залалды өтеуге өтініш беру сервисі әзірленді.

«Осындай қызмет шағын және орта бизнес субъектілері үшін «Электрондық үкімет» порталында да іске қосылды. БАҚ-та «заңды тұлғалар үшін су тасқынынан болған мүлік шығынын өтеу» туралы өтінішті жолдау тәртібі бойынша ақпараттық бейнероликтер орналастырылды», — деп мәлімдеді министр.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың азаматтардан келіп түскен өтініштерді қарау қарқынын жедел қадағалау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесіндегі мәліметтің негізінде Smart Data Ukimet-те дэшборд әзірленді.

Барлық өңірде мүлікті қалпына келтіруді жеделдету және жедел жәрдем көрсету үшін мемлекеттік корпорация есебінен, ақысыз негізде жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды қалпына келтіру қызметтері және салуларды өңдеу бойынша штабтар құрылды.

Сондай-ақ құрылыс сапасына қоғамдық мониторингті қамтамасыз ету үшін Министрлік Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп жаппай құрылыс жүріп жатқан өңірлерде бейнебақылау камераларын орнатып, qoldau.gov.kz порталына онлайн режимінде шығарылды.

«Бұдан басқа, өтінімдерді қарау мәртебесі туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Министрлік қолдау көрсету шаралары бойынша жалпыға қолжетімді іздестіру сервисін әзірледі. Бұл сервиске тек тіркелген пайдаланушы қол жеткізе алады және деректер ЖСН негізінде оған тағайындалған өтемақы бойынша ғана алынады», — деді Ж. Мәдиев.

Бүгінгі таңда Министрлік «Су тасқынын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, ол келесі кезеңдерден тұрады.

1 кезең – «Деректерді жинау». Бұл кезең тарихи және жедел гидрометеорологиялық деректерді, гидропосттардың нақты координаттарын және репер белгілерін, рельефтің цифрлық моделін (dem), батиметрияны және су жинау бассейндерінің геокеңістіктік деректерін жинаудан тұрады.

2 кезең – «GloFAS жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесі». Бұл кезең – жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен интеграцияланады. Жүйені бүкіл әлемдегі су тасқынына дайындық шараларын қолдау үшін Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығы әзірледі ол гидрологиялық деректер негізінде су объектілеріндегі су деңгейлері мен шығыстарының қауіпті артуы туралы 30/16 күн бұрын хабарлауға мүмкіндік береді. Интеграция Қазақстан аумағындағы гидрологиялық станциялардан алынған өзекті деректермен еуропалық әдістемені пайдалануға мүмкіндік береді. Интеграция нәтижесінде жүйенің картографиялық модуліндегі ерте ескерту және ескерту жүйесі су шығынының болжамды қауіпті өсуі туралы хабарламаларды (Alert) көрсетеді.

3 кезең – «Болжам». «Болжам» кезеңінде «су тасқынын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесінде «деректерді жинаудың» бірінші кезеңінен бастап барлық қажетті деректер болған кезде автоматтандырылған режимде су тасқыны ағынының цифрлық болжамды гидрографын және болжамды Су шаруашылығы балансы негізінде су қоймасынан суды ағызуды қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады.

4 кезең – «Модельдеу». Министрлік қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерімен бірлесіп су тасқынын болжау мен модельдеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеп, бекітті.

Министрдің айтуынша, бірінші, екінші және үшінші кезеңдерде бекітілген әдістеме негізінде су объектілерінің жергілікті учаскелерінде су басу аймақтарын модельдеу жүзеге асырылады.

Бұл тұрғыда модельдеу нәтижесі болжамды су деңгейлерінің көтерілу белгісін, су басу аймағының шекараларын және су басу тереңдігін анықтайды.

«Модельдеу нәтижелерін түсіруді flood.gharysh.kz ақпараттық жүйеде іске асыру жоспарлануда және оған құзыретті мемлекеттік органдар, Төтенше жағдайлар министрлігі, Дағдарыстық жағдайлардағы басқару орталығына қол жетімді мүмкіндіктер беріледі. Осылайша, жүйені тестілік режимде іске қосу осы жылдың 1 желтоқсанына жоспарлануда», — деп түйіндеді Ж. Мәдиев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button