Жапондық сарапшылар Қазақстанның 4 облысындағы гидротехникалық құрылыстарды зерттейді
Жапондық сарапшылар келесі жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізеді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Джун Ямадамен және Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілдерімен кездесу барысында аталған ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Агенттік мамандары биылғы су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған гидротехникалық құрылыстарды тексереді. Бүгінгі таңда Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Абай облыстарының нысандарын алдын ала визуалды тексеріс өтті.
«Жапондық әріптестерімізге көмек көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді. Су тасқыны кезінде біздің гидротехникалық нысандар түрлі апаттардың алдын алып, үлкен көлемде суға төтеп берді. Болашақта бұл нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың жай–күйін мұқият зерделеп, ықтимал осалдықтарды анықтап, оларды жою жөнінде алдын ала іс-шаралар қабылдау қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, тараптар су тасқынымен тиімді күресу үшін гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру мен цифрландыру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, су жіберу деңгейі мен көлемін анықтау үшін есептегіш қондырғыларды орнату жөнінде сөйлесті.