Instagram қосымшасында тараған видеода отставкадағы ресейлік әскери Борис Ратников микротолқынды пеште дайындалған тамақ улы дейді. Микротолқынды жылу су молекулаларын бұзады, сондықтан лейкоцитоз және қатерлі ісік дамиды, қандағы холестерин өсіп, жүрек-қан тамырлары жүйесі бұзылады екен. Бұл жалған, деп хабарлайды stopfake.kz сайты.
Борис Ратников Ресей ФҚҚ-ның запастағы генерал-майоры. Мәскеу авиациялық институтын бітірген. 1990 жылдары Президент Борис Ельциннің күзетінде жұмыс істеген. Оккультизм, телепатия және психикаға қызығушылық танытқаны үшін оған Кремль Мерлині деген лақап ат қойылған.
Ратников кітап жазады және оны өзі шығарады. Оның әртүрлі еңбектерінің қатарында «Арнайы қызметтерд түсінігіндегі әлем бейнесі: мистикадан ұғынуға дейін», «Жаңа дүниетанымға жету жолында өмірдің дәмін тату», «Пси-әсер ету және олардан қорғау» және т. б.
Бұрынғы әскери қызметкер әртүрлі фейк видеолар да таратады. Мәселен, Ратников селфи жасау қауіпті деп мәлімдеген. Фотодан қылмыскерлер адамның ойын оқиды. Ал суретті түсірілген құрылғы «цифрлық клон» жасап, адамды «энергиядан айырады» екен. Біздің сайт қазіргі заманғы ғылымға қайшы келетін бұл абсурд теорияны жоққа шығарды.
Микротолқынды пештерге байланысты қауіптер туралы қисынсыз мифтер Желіде бұрыннан бар. Электр құрылғысы әртүрлі аурулар тудырады деген жалған пікірлерге сеніп қалмау үшін оның қалай жұмыс істейтінін түсіну керек.
Микротолқындар тағамдағы су молекулаларының дірілдеуіне әкеледі. Осылайша жылу бөлініп, тамақ қызады. Микротолқынды сәулеленудің атомдардан немесе молекулалардан электрондарды бөліп шығарып, оларды иондауға жетерлік энергиясы жоқ. Былайша айтқанда, микротолқындар иондаушы емес сәулелену болып табылады. Олар пештің ішінде туындайды, есіктегі тор олардың сыртқа шығуына жол бермейді. Сондықтан микротолқындар тағамға да, адамға да зиянды емес.
Қатерлі ісікпен байланысты жиілік түрі иондаушы сәулелену деп аталады. Бұған гамма-сәуле, рентген сәулелері жатады.
Микротолқынды пештер рентген немесе гамма сәулелерін қолданбайды және тағамды радиоактивті етпейді, деп мәлімдеді америкалық қатерлі ісік қоғамы.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасының (FDA) мәліметтері бойынша, микротолқынды энергия шығарындылары адамға зиянды деңгейден едәуір төмен. Бұл ретте ведомство электр құралымен байланысты болуы ықтимал жарақаттар туралы ескертеді. Ыстық ыдыстардан, қызып кеткен тағамнан немесе жарылған сұйықтықтардан күйіп қалуға болады. Есіктің тығыздағышының бұзылуы салдарынан микротолқынды пештен радиациялық күйік алуыңыз мүмкін.
Демек, тамақты микротолқынды пеште жылыту оны радиоактивті етпейді. Микротолқындар электромагниттік болып табылады және Ратников айтқан ауруларды тудырмайды. Оның сөздерін растайтын бірде-бір ғылыми зерттеу жоқ.