Social

Батыр балалар: ҚР Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушыларды марапаттады

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордаға еліміздің барлық өңірлерінен өз жетістіктерімен ерекшеленген балалар, балалар қозғалысының көшбасшылары және түрлі жағдайларда адам өмірін арашалап қалған батыр балалар жиналды. Олардың әрқайсысы жоғары бағаланып, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды, деп мәлімдейді министрліктің баспасөз қызметі. ​

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіздігі мен жайлы ортада өмір сүруі, білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын айтты.

​«Биыл біз Балаларды қорғау күні қарсаңында дәстүрлі түрде талантымен дараланған және шешуші сәтте батырлық танытқан балаларды жинадық. Мемлекетіміздің, халқымыздың, ата-аналарыңның үкілеген үміті өздерің. Бүгінде мемлекет балаларымыздың тәрбиеленуіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасауда. Өңірлерде мектептер, балабақшалар, мәдени және спорттық нысандар құрылысы қарқынды жүруде, заңнамалық база жетілдірілуде, педагогтердің біліктілігі арттырылуда. Балалар – әрқашан біздің қорғауымызда. Тек білім алуға, биік белестерді бағындыруға және адал, әділ тұлға болуға ұмтылу керек, өйткені еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда», – деп атап өтті Еділ Оспан.

Кездесу әрі қарай ашық диалог форматында жалғасты, онда балалар өздері, отбасы, мектептегі жетістіктері, қызығушылықтары мен армандары туралы айтты. «Болашақпен кезесу. Диалог с будущим» тақырыбындағы іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты. ​

Әсіресе, Астана қаласы мен Қостанай облысынан келген батыр балалар Ақан, Рамиль, Матвей және Иванды атап айтуға болады. Жуырда ғана бұл балалар өртеніп жатқан үйлерден адамдарды алып шығып, олардың өмірін сақтап қалды. Жас батырлар мен олардың ата-аналары ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хаттарымен марапатталды.

​«Ата-анам мен ұстаздарыма маған сіңірген тәрбиелері үшін алғысымыды білдіремін. Сондай-ақ мемлекетке және Президентімізге бізге артқан сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», – дейді №31 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Ақан Әкімжанов.

​Кездесу соңында барлық қатысушыларға балалар сауықтыру орталығына жолдамалар мен сыйлықтар табысталды, сондай-ақ көшбасшылықты дамыту бойынша тренингтер өткізіліп, балалар өзара пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ балалар Астананың мәдени-демалыс орталықтарын аралады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button