Қазақстандық жолшылар Польшаға жұмыс сапарымен барып, Варшава-Краков автожолының салынып жатқан учаскесінің мысалында еуропалық жолдарды жобалау, салу және пайдалану әдістерімен және кезеңдерімен танысты.
Сонымен қатар, сапар барысында ғалымдар мен сарапшылар делегациясы ЕО-дағы жолдардың көліктік-пайдалану жағдайын, жол қозғалысын басқару жүйелерін, инфрақұрылым мен жол бойындағы сервисті бағалай алды.
Аталған жол учаскесіне бару мүмкіндігі Дүниежүзілік жол қауымдастығының Қазақстан Республикасындағы ұлттық комитетінің (PIARC) жұмысы шеңберінде Fabe Polska жол-құрылыс компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Қабылдаушы тарап ҚазжолҒЗИ өкілдеріне Польшада қолданылатын жобалау және құрылыс технологиялары жайында кеңірек айтып, орындалған жұмыстардың сапасын бақылау процестерін көрсетті. Бұл ретте жолшы мамандар оларды Қазақстанда қолдану және бейімдеу мүмкіндіктерін талқылады.
ҚР делегациясы Польшадағы жол инфрақұрылымын ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтіп, өз қызметінде меңгерген әдістер мен технологияларды толық пайдалануды жоспарлап отыр.
Жұмыс сапары жоспарлау мен жобалаудан бастап автомобиль жолдарын салудың барлық кезеңдерін салыстыруға мүмкіндік берді.
Алынған білім мен құнды тәжірибе Қазақстанда жол құрылысы мен пайдалану сапасын жақсартуға ықпал етеді, өйткені олар отандық салалық нормативтік базаны өзектендіру кезінде де ескерілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты аталмыш жұмысты өткен жылдан бері АҚШ, ЕО, ҚХР және басқа да дамыған елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіп келеді.