«Қансонар-2023»: Дүбірлі додаға 5 мемлекеттен келген 100-ге жуық спортшы қатысады
Бүгін Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылындағы «Құлагер» ипподромында атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен «Қансонар-2023» халықаралық турнирі өз жалауын көтермек. Дүбірлі додаға 5 мемлекеттен және еліміздің 9 облысы мен 1 қаласынан келген 100-ге жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды Құсбегілік федерациясының баспасөз қызметі.
Жарысқа қатысатын құстардың арасында 11 ителгі, 8 қаршыға, 44 бүркіт бар.
Бүркіт, қаршыға, ителгі құстары түрлерінен сайысқа түсетін спортшылар тіркеуден өтіп, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық турнирде өз бақтарын сынайтын болады.
Естеріңізге сала кетсек, 27-28 қазан аралығында Республика күніне арналған атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлы атындағы құсбегіліктен «ҚАНСОНАР – 2023» халықаралық турнирі өтеді.
Өтетін орны: Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылы, «Құлагер» ипподромы
Өткізу уақыты: 17-28 қазан 2023 жыл, басталуы сағ. 10.00-де.
Айта кетейік, «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.