FinanceБасты

Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы туралы: «Әр тиын мақсатты жұмсалуы керек»

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы жөнінде кеңес өтті. Оған «AMANAT» партиясының, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында аралық нәтижелер қаралып, келелі мәселелер талқыға түсті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов бағдарлама аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 51%-дан астамы игерілгенін жеткізді. Алайда кей өңірлерде бұл көрсеткіш 10%-ға да жетпейді. Есесіне кей аймақтар бекітілген соманы толық игеріп, несие алуға өтініштер қабылдауды тоқтатты. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев бүгінге дейін 141 жобаға өтініш келіп түскенін айтты. Ал бөлінген 1,6 млрд теңге жеткіліксіз, тағы 800 млн теңге қажет.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сұрақты заң аясында пысықтасын. Егер қайшылық болмаса, игермей жатқан өңірлерден қысқартып, сұранысы көп аймақтарға мүмкіндік беру керек», — деді Тамара Дүйсенова.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 проценттік үстемемен микронесиелер ұсынылады. Алайда бұл несие түрі бәріне бірдей қолжетімді емес. Мәселен, Түркістан облысында ұстаздар мен дәрігерлер секілді бюджеттік мекеме қызметкерлері бағдарлама шеңберінде несие алуға ынталы. Дегенмен кредит беру Ережесінде мұндай мүмкіндік қаралмаған. Талқылау қорытындысы бойынша бұл сұрақ қосымша пысықталатын болады.

Жоба ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін арттыруды көздейді. Сол себепті Тамара Дүйсенова жобаны жүзеге асыру барысында туындаған кедергілерді дер кезінде жойып отыру керектігін қадап айтты.

«Әр тиын мақсатты жұмсалуы шарт. Санды қуып, сапаны ұмыт қалдыруға болмайды», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button