FinanceБасты

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін 25 тамызда жариялайды

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін 25 тамызда жариялайды. Бұл жайында ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Ұлттық банктің Стратегиялық жоспарында біз инфляция бойынша ақша-кредит саясатының ортамерзімді мақсатына талдау жүргізуді белгілеген едік. Біз бұл жұмысқа өз күшімізді ғана жұмсап қоймай, елімізден де, шетелден де, академиялық ортаның сыртқы зерттеушілерін тарта отырып, іргелі әрі түбегейлі жұмыс жүргіздік. Сәуір айында өткізген ғылыми-практикалық конференцияда зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылды», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, әртүрлі тәсілдер мен халықаралық тәжірибеге шолуды пайдалана отырып жасалған жан-жақты талдау мыналарды көрсеткен:

– таргеттің нүктелік форматы коммуникация және инфляциялық күтулерді тұрақтандыру тұрғысынан қолайлы саналады;

– біздің экономикамыз үшін инфляция бойынша оңтайлы таргет 4 пайыздан жоғары болып 7 пайыздан аспайды. Көптеген бағалаулар инфляцияның 5 пайыздағы таргетінің оңтайлылығын көрсетуде.

«Осыған байланысты Ұлттық банк келесідей шешім қабылдады. Біріншіден – 2023 жылдан бастап интервалдық мәндерді нүктелік форматқа ауыстыра отырып, инфляция бойынша бұрын мәлімделген таргетті нақтылау. Бұл орталық банк саясатының мақсаттарына қатысты айқындылық пен ашықтықты қамтамасыз етеді және ақша-кредит саясатының нақты мақсатқа жету міндеттемесін анық көрсетеді. Екіншіден, орта мерзімді перспективада инфляция бойынша мақсат – жылдық инфляцияны 5 пайызға жуық деңгейде ұстап тұруды белгілеу», – деді ол.

ҰБ төрағасының атап өтуінше, таңдалған таргет мақсатты қалыптастырудағы реттілік пен үздіксіздікті қамтамасыз етіп, инфляцияны және күтулерді 5 пайызға жуық бекітуге ықпал етеді.

«Таргетке қол жеткізу жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігін арттырады және ұзақмерзімді келешекте инвестицияларға және экономиканың өсуіне неғұрлым тұрақты орта қалыптастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 25 тамызда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады», – деді Ғалымжан Пірматов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button