ҚР ИИДМ басшысы Батыс Қазақстан машина жасау зауытының қызметкерлерін марапаттады
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Батыс Қазақстан облысына жасаған іссапарында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары мен инфрақұрылымдық нысандардың қызметін бағамдап қайтты.
Алдымен ведомство басшысы қызметі 2014 жылдан бастап жолға қойған тұрғын үй құрылысына маманданған «Болашақ-Т» комбинатымен алуан түрлі су тазарту және сумен қамтамасыз ету қондырғыларын, сондай-ақ электролиз аппараттары мен тамақ қалдықтарын өңдейтін жабдықтарды шығаратын «ВодЭкоФильтр» ЖШС-не аялдады.
Сондай-ақ министр өртке қарсы, ауыл шаруашылығы және мамандандырылған техниканы өндіретін ширек ғасырдан аса тарихы бар «Агрореммаш» зауытына барды. Бұған қоса Марат Кәрімжанұлы әйнекті өңдейтін отандық кәсіпорынның қызметімен танысты. 2001 жылдан бері жұмыс істе келе жатқан «Стеклосервис» ЖШС құрылысқа арналған шыныпакеттерін шығарады. Мұнда дайындалатын өнімдер соққыға төзімді, қалың ламинатты және эмальмен әрленген материалдар да дайындалады. 22 жылдың ішінде бұл кәсіпорын Оралда жеке өндірістік базасын жасақтап, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау қалаларында филиалдары мен Астанада сапалы терезелерді шығару бойынша өкілдігін және өндірістік цехын ашып үлгерді.
Осыдан бір күн бұрын ИИДМ басшысы Батыс Қазақстан машина жасау зауытында болып, кәсіпорынның 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, отандық өнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосқан қызметкерлерді грамоталар және медальдармен марапаттағанын айта кетейік.
Аталған зауыт мұнай–газды өндіруге арналған жабдықтарды, күрделі металл конструкцияларын, құрылыс қондырғыларын, атыс қаруы және оқ-дәрілерді өндіру мен тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеп, өндіру бойынша Қазақстандағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорында 830 жоғары білікті маман еңбек етіп жүр.
2011 жылдан бастап отандық өндіруші General Electric компаниясымен газ тасымалдайтын агрегаттарды жөндеу бойынша қызмет көрсету саласында тығыз жұмыс істеп келеді.
БҚМЗ – механикалық өңдеу, дәнекерлеп-құрастыру және аспаптық өндірісті қамтитын жоғары технологиялық заманауи өнеркәсіп кешені саналады. Бұған қоса мұнда дайын өнім мен пайдаланылатын материалдардың сапасын бақылауға арналған сынақ орталығы қарастырылған. Сонымен қатар зауытта атыс қаруына байланысты аккредиттелген еліміздегі жалғыз сынақ орталығы бар.
Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті шығарылатын жабдықтың конструкторлық әзірлемелерін, оны дайындауды, жеткізуді, монтаждауды, өндіріске енгізу бойынша іске қосып, баптау жұмыстарын қоса есептегенде, тапсырысты орындаудың толық циклін қамтамасыз етеді.
Бұдан бұрын айтылғандай, М.Қарабаев Ақжайық өңіріне жасаған іссапарында Оралдағы трансформатор зауытында болып, өңір халқымен кездесті. Сонымен бірге азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдауын өткізді.