Қазақстан ЕО-ға 2,3 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады
2023 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасының Cауда және интеграция вице-министрі Қ. Төребаев пен Еуропалық комиссияның Оңтүстік көршілер, Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия бойынша басқарма басшысы Неле Эйххорнның төрағалығымен Қазақстан – ЕО Сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің 6-шы отырысы өтті. Бұл туралы Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспорттық тауарлары асортиментін ЕО елдерінің нарығына кеңейту, қазақстанда акуылшаруашылық органикалық секторын дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Бұл ретте Қазақстан ЕО-ға машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда 2,3 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады. Сондай-ақ, астықтың ірі өндірушісі бола отырып, Қазақстан жаһандық азық-түлік күн тәртібін іске асыруда ЕО-ның стратегиялық серіктесі бола алады.
Таңбалау, техникалық реттеу саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен бірге отырыста Тұрақты шикізат, аккумуляторлық батареялар және «жасыл» сутегі құнын құру тізбегі саласында ҚР-ЕО стратегиялық әріптестігі бойынша қол қойылған Жол картасын іске асырудың одан әрі қадамдары белгіленді.
Естеріңізге сала кетейік, Жол картаға 2023 жылғы 19 мамырда Алматы қаласында ЕО-ОА 2-ші Экономикалық форумы аясында қол қойылды.