Астанада Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетті
Жыр додасына республика бойынша 18-29 жас аралығындағы ақындар қатысты. Ережеге сәйкес авторлар Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың ақындық, қайраткерлік тұлғасын паш ететін бір өлең, қазақ тілі туралы (ана тілдің құндылығы) бір өлең ұсынуы қажет болатын. Басты шарт – бұдан бұрын байқауға қатысқан немесе баспасөз бетінде жарияланған шығармалар қабылданбады.
Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шараға еліміз бойынша жалындаған елуден астам жас ақыннан өтініш келіп түсті. Бәйгеге салынған өлеңдерді іріктеп алған қазылар алқасының құрамында: Серікзат Дүйсенғазы – ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Ажар Ерболған – ақын, тележурналист, диктор,»UNIQUE» кітабының авторы, Олжас Қасым – ақын, журналист, «Серпер» жастар одағы сыйлығының иегері, «Дарын» мемелекеттік жастар сыйлығының иегері бар.
Туындылары үздік деп танылған 12 ақын арнайы Астана қаласына шақырту алып, сахна төрінде бақтарымен қатар баптарын сынады. Олардың қатарында: Айбар Рамазан, Азамат Серікұлы, Бақжан Махаш, Дәурен Тілеухан, Мұратбек Нұрбол, Ахан Сабыржан, Райхан Нарқұлан, Бекарыс Секен, Бағжан Кәріпбаева, Ақбота Манарбекқызы, Ерзат Қасенбаев, Ақжол Түменбай есімді еліміздің жас ақындары бар.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған іс шараның мақсаты – Алаш зиялыларын ұлықтау, оларды өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ, қазақтың қара өлеңін серік етіп, қолына қалам ұстап жыр жазып жүрген, Мағжан сенген жастардың аяқалысын бақылау. Жас ақындардың тілімен Ұлттың ұлы – Мағжан Жұмабаевты ұлықтау.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені – Мұратбек Нұрбол, 1 орын – Дәурен Тілеухан, 2 орын – Ақбота Манарбекқызы, Ақжол Түменбай, 3 орын – Райхан Нарқұлан, Азамат Серікұлы иеленді. Барлық жеңімпаздар қаржылай, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.