Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайылов бүгінгі таңда ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шыққанын атап өтті. Сонымен қатар әлемдегі санкциялық текетірестің күшеюі, логистикалық тізбектердің бұзылуы, жоғары инфляция мен азық-түлік тауарларына бағаның өсуі жаһандық экономиканың баяулауына үлкен әсер етуде. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік инфляция болжамын 7%-ға дейін көтерді, ал жаһандық экономиканың өсу болжамын 2,8%-ға дейін төмендетті.
«Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2%-ды құрады. Елімізге $28 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, 18% өсім қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8%-ға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, $134 млрд болды», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асса, осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36%-ды құрады (бір жыл бұрын 33,5%).
Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр: құрылыста – 16%, саудада – 12%, көлік саласында – 8%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,4% өсім тіркелді.
Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты. Бұл өз кезегінде, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық резервтері $94 млрд құрады. Атап айтқанда, өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері $3 млрд-қа өсіп, $58 млрд-қа жетті.
Премьер-Министр халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растағанын, ал Standard&Poor’s агенттігі биылғы наурыз айында экономикамызға қатысты өз болжамын жақсартқанын айтты.
«Осы жылдың қорытындысы бойынша біз экономикалық өсімді 4%-дан асыруымыз керек. Сонымен бірге ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын көтеру – біз үшін маңызды міндеттер», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.