Business

Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан  Жамаубаев кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Комиссия отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП мен коммерциялық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бұрын сертификаттау міндеттелмеген өнімдерді сертификатталуы керек өнімдер тізбесіне қосу және кәсіпорындарға талдау жасауды міндеттеу мәселесі бойынша реттеу жүргізілген. Оның мақсаты – қауіпті болуы мүмкін өнімдерді әкелу және өндіру көлемін азайту.

Бүгінгі таңда республикада жылыту радиаторлары мен табиғи тастан жасалған бұйымдарды сертификаттау міндетті емес, осы орайда құрылыс өнімдерінің бұл түрлері қауіпті болып шығауы мүмкін, өйткені олардың қауіпсіздігі расталмаған.

Ұсынылып отырған ережені енгізу табиғи тастан жасалған бұйымдарды сертификаттау міндеттелген құрылыс материалдары мен жылыту радиаторлары тізбесіне қоса отырып, жаңа өзектендірілген «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекітуді көздейді. Осыған байланысты Ведомствоаралық комиссия мүшелері ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды енгізу кезіндегі реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін бекітті.

Сонымен қатар отырыс барысында Интернеттің жоспарланған және нақты параметрлері арасындағы 20%-дан астам сәйкессіздік үшін провайдерлердің әкімшілік жауапкершілігін реттейтін заңнамалық өзгерістерді әзірлеу және енгізу бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелері қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізген талдау бүгінде байланыс сапасы параметрлерінің көрсеткіштері туралы нақты түсінік жоқ екенін көрсетті. Бұл мәселені шешу үшін байланыс қызметтерін көрсету сапасын анықтайтын түзетулер әзірленді.

Көрсеткіштерді әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе зерделенді. Осылайша, қазіргі көрсеткіш тариф жоспарында көрсетілген жылдамдықтың 70%-ы болып отыр, бұл әлемнің дамыған елдерінің орташа көрсеткіштерімен салыстырғанда жеткіліксіз. Осының негізінде бұл мәселені Интернеттің ең төменгі жылдамдығын арттыру арқылы шешу ұсынылды.

2022 жылдың соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 1 175 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соңғы 3 жылда байланыс сапасын тексеру айтарлықтай өсті, бұл проблемалардың бар екенін көрсетеді. Оны шешу жолдарының бірі байланыс сапасының қолданыстағы көрсеткіштерін қайта қарау болмақ. Ұсынылған көрсеткішке қол жеткізуге болады, оны өткен жыл ішінде жүргізілген өлшеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Операторлар 90% көрсеткішіне жету үшін өз инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды жүргізуге тиіс.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қала мен облыс орталығы, сондай-ақ республикалық және басты облыстық маңызы бар жолды сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету керектігін еске салды.

Ведомствоаралық комиссия Интернеттің жоспарланған және нақты параметрлері арасындағы 20%-дан астам сәйкессіздік үшін провайдерлердің әкімшілік жауапкершілігін реттейтін заңнамалық өзгерістерді әзірлеу және енгізу бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін мақұлдады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button