EconomyБасты

Қазақстанда 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған – Т. Дүйсенова

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов және салынып жатқан «KamaTyresKZ» кәсіпорнының басшысы Александр Смышляев баяндама жасады.

Т. Дүйсенованың айтуынша, ұлттық еңбек нарығына демографиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбылмалылығы әсер етті. Бұл саладағы ең үлкен өзгеріс жаңа жұмыс күшінің пайда болуымен байланысты.

«2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді», — деді Т. Дүйсенова.

Осы үрдіс, қазіргі күрделі ахуал және алдағы ықтимал сын-қатерлер жұмыспен қамту саясатын қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Онда азаматтарды жай жұмыспен қамту емес, сапалы жұмыс орнын беру арқылы халықтың табысын арттыру басты міндет болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл міндетті орындау үшін қазір жүзеге асырылып жатқан іс-шаралармен қатар, жаңа бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды ұсынады.

Басты міндет – жастарды жұмысқа тарту. Осы мақсатта ірі және орта кәсіпорындарда бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынады.

Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектеріне және 35-ке дейінгі жастарға арналған онлайн-жәрмеңке пилоттық режимде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінің өкілдері бар.

Пилоттық жобаның қорытындысы Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, сондай-ақ тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындардың және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдерімен талқыланды.

Соның нәтижесінде бұл компаниялармен электрондық еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Оның ішінде IT саласы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бар.

Бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтеді. Ол ай сайын ұйымдастырылып, төмендегілерді қамтиды:

  • кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандықтарға бірдей қолжетімді болуын;
  • жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығын;
  • жұмыс іздеушінің мақсатты таңдауын;
  • жұмыс берушілердің сапалы іріктеу мүмкіндігі болуын.

Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастыру.

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бүгінде электрондық еңбек биржасына 691 кәсіпорын 1 мың инвестициялық жобада ашылатын 13 609 жұмыс орны ұсынылып отыр. Онда тек біліктілік талаптары ғана емес, сонымен бірге төленетін еңбекақы мөлшері және жұмыс орнының сипаттамасы да берілген.

Қазіргі уақытта бос жұмыс орындарына өтініш бергендердің саны 5 мыңнан асты, оның ішінде 1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жобалардың және ондағы бос жұмыс орындарының тізімі аталған жобалардың әзір болуына қарай алдағы уақытта толықтырылып отырады.

«Жалпы жұмысқа тарту ісін электронды биржа аясында жүргізуді қолдаймыз. Оның ашықтығы және қолжетімділігі жұмыспен қамту мәселелерінің жаңа мәдениетін қалыптастыруды және мемлекет қолға алып жатқан бастамалардан халқымызды толық хабардар ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді», — деді министр.

Жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформа арқылы жұмыспен қамтуды мойындап, заңдастыру. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ.

Цифрландыру мен жаңа технологиялар да ел экономикасына әсерін тигізеді. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны артқан.

Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда шамамен 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы.

Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды.

Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам ана осы қордан жүктілік кезінде бұрынғы орташа жалақысының 100%-ын және бала күтімі кезеңінде жалақысының 40%-ын алып отыр. Бұдан басқа 105 мың жұмыссыз адамға 6 ай бойы жалақысының шамамен 40%-ы төленеді. Соңғы жылдары бұл төлемдердің мөлшерін едәуір ұлғайту мәселесі қаралып жатыр.

Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минситрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткізді. Олармен бірге биыл 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылданды. Жұмыстың нәтижесі жыл соңына қарай ұсынылады.

«Платформалық жұмыспен қамтуды танып, заңдастырып, қолайлы режимді сақтай отырып, біз азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға тырысамыз», — деді Т. Дүйсенова.

Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету.

Оның ішінде:

  1. мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге субсидия бөлу.

Биыл осындай 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 млрд теңге бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылды;

  1. халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау.

Осындай 20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге көзделген. Қазіргі кезде 1 мың 400-ден астам азамат грант иегері атанды.

  1. мемлекет технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру керектігіне назар аударады. Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.
  2. бос жұмыс орындарына жолдама ұсыну. Бұл шара электрондық еңбек биржасы негізінде жүзеге асырылады. Биыл шек 350 мың деңгейінде белгіленді, оның ішінде 91 мың адам жұмысқа орналасты.

Жалпы жоғарыда атап өтілген мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделген.

Бұл шаралар тиімді жүзеге асырылуы үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі керек. Министрлікте құзырлы органдар өзара және жұмыс берушілермен, сондай-ақ жұмыс іздеушілермен тығыз қарым-қатынас орнатуға баса мән беруі тиіс деп санайды.

Қостанй облысында Жұмыс орындарын ашу өңірлік картасы бекітілді, оған сәйкес ұлттық жобалар аясында 2022-2025 жылдары аралығында 32 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«Облыстың өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Соның ішінде жастардың жұмыспен қамтылуына баса назар аударылады», — деді облыс әкімі.

Биыл Ұлттық жобалар аясында 3 210 жұмыс орнын аша отырып, өнеркәсіп нысандарын, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік инфрақұрылымы объектілерін салу, қайта жаңғырту, жөндеу бойынша 295 жобаны іске асыру көзделген.

Мәселен, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» бір ғана ұлттық жобасы аясында сомасы 200 млрд теңгеден астам 9 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Осы жобалардың арқасында өндірісті толық іске қосуды ескере отырып, шамамен 2,1 мың жұмыс орны ашылмақ, оның ішінде биыл 344 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Қазіргі уақытта 111 жұмыс орны ашылды.

Мысалы, «KamLit KZ» ЖШС жалпы құны 160 млрд теңгеден асатын жүк техникасына арналған автокомпоненттер өндірісі бойынша екі зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр, онда 2024 жылдың соңына таман 700-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Жылу желілерін, сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жылу беру маусымын тұрақты өткізу үшін жылу шығындарын, жылумен жабдықтау желілеріндегі апаттылықты азайтуға, облыстың 66 ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрғын үй құрылысы жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде 5 мың адам үшін шамамен 85 мың шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ жергілікті маңызы бар 314 км автожолды және елді мекендердің 224 учаскесін жөндеу жоспарланып отыр, бұл көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді, жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Жалпы ұлттық жобаларды іске асыру биыл шамамен 7 мың адамды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде 3 210 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде осы жылдың 5 айында ұлттық жобалар аясында ашылған жұмыс орындарына 2 905 адам, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға 452 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 2 453 адам орналастырылды.

«Жалпы облыста қазіргі уақытта 11 мың адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетілді, оның ішінде 3 мың жас азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды, кәсіптік оқытуға жіберілді және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар алды», — деді А. Мұхамбетов.

Жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде осы жылдың бірінші тоқсанында жастар жұмыссыздығының деңгейі 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмендеп, 2,8%-ды құрады.

Электрондық еңбек биржасында 175 жоба бойынша 1 866 бос жұмыс орны туралы мәліметтер орналастырылған. 30 жобада конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр, мердігерлер айқындалмаған. Мәлімделген бос жұмыс орындарына 71 адам орналастырылды.

Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарын орналастыру жұмыстары жалғасып келеді.

Барлық мердігер ұйымдармен Электрондық еңбек биржасына бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді орналастыру керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыспен қамту қызметінің мамандары консультациялық және практикалық көмек көрсетіп жатыр.

Ұлттық жобаларды іске асыру айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«ERG» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажановтың мәлімдеуінше, Қазақстанда өнеркәсіпте еңбек етіп жүргендердің 27%-ы тау-кен металлургия саласында жұмыс істейді. Осыған орай, Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерін кадрлық әлеуетті қалыптастыруға белсене қатысуға шақырды.

ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындары 5 өңірде орналасқан. Еуразиялық топ – саладағы үздік үш жұмыс берушінің бірі. Сондықтан кадрлық әлеуетті арттыру мен жастарды өндірістегі мамандықтарға бағдарлау компания үшін әрдайым басым бағыт болып келді.

«Біз техникалық мамандарды мектеп қабырғасынан бастап дамытуға тырысамыз», — деді Еуразиялық топтың жетекшісі.

Компанияның Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарындағы әлеуметтік саясаты аясында іске асырылып жатқан «ERG mektepke» бастамасы жақсы нәтижелер берді. Жоба өңірлердегі 300 мектепте жаңа білім беру ортасын құруға бағытталған.

ЖОО және ТжКБ-мен жұмыс бойынша 50-ден астам меморандумға қол қойылды. 2021 жылы 2 мыңнан астам студент кәсіпорындарда практикадан өтті, 500-ден астам түлек жұмысқа орналасты.

Бірақ ERG ары қарай жылжып, кадрларды стратегиялық тұрғыдан дайындауға кірісуді ұйғарды. Бүгін BTS Education компаниясымен, әкімдіктермен, Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарының оқу орындары мен өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлесіп «Колледждерге арналған ERG» жобасы іске асырылып жатыр. Жаңа кәсіптер атласы негізінде өңірдің 40 перспективалық кәсібінің картасы әзірленді. Қазірдің өзінде 805 студент жобамен қамтылған, 2023 жылдың соңына дейін қамтуды 3 000 адамға дейін ұлғайту жоспарда бар.

2021 жылдан бастап кәсіптік білімі жоқ үміткерлер ERG бірыңғай оқу орталығының базасында 700-ден астам арнайы оқу бағдарламасы бойынша білім алып, жаңа кәсіп меңгереді немесе екінші мамандық алады.

2022 жылғы маусымнан бастап «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында кез келген адам ERG-ден жұмыс таба алады. Бүгінгі таңда 159 жас маман Топтың кәсіпорындарына жұмысқа тұрды.

Бүгінгі таңда ERG бойынша 1000-ға жуық бос жұмыс орны бар, оның ішінде токарьлар, электр слесарьлар, электр газбен дәнекерлеушілер, құюшылар, жарушылар және т. б. аса тапшы мамандықтар бар. Ірі стратегиялық жобалардың іске асырылуын ескере отырып, 2023 жылдың соңына дейін қосымша шамамен 1 000 жұмыс орнын құру жоспарда бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жобалар аясында Ақтөбе облысында өңірлік жұмыспен қамту картасы қалыптасып, 272 жобада 9 222 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, ұлттық жобалар аясында әлеуметтік салада жаңа нысандар бой көтеріп, өндірістер кеңейіп, қарқынды инвестициялар тарту есебінен экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау арқылы өңірдің дамуына тың серпіліс бере отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мен табысын арттыруға мол мүмкіндік беріледі.

Өңірде ұлттық жобалар аясында:

– Автомобиль жолдары саласында жалпы ұзындығы 600 км жуық облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар жөнделеді;

– Құрылыс саласында 17 тұрғын үй мен жатақхана салынып, 11 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі, 9 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілмек;

Сонымен қатар 8 тұрғын үй алабы электр желісімен қамтамасыз етіледі;

– Білім саласында 26 нысан күрделі жөндеуден өткізілсе, 7 білім ордасы бой көтеріп, үш ауысыммен оқыту және орын тапшылығы мәселесі шешіледі;

– Денсаулық сақтау саласында 16 медициналық нысан іске қосылады;

– Мәдениет саласында 7 мәдениет ошағы ел игілігіне пайдалануға беріледі;

Ал өндіріс пен ауылшаруашылық саласында 50-ге жуық түрлі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Тиісті қаражат бөлінеді. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге түрлі кәсіби деңгейдегі кадрлар қажет.

«Бұл бағытта “Электрондық еңбек биржасы” порталы жұмыс берушілерге кадрларды іздеу мен іріктеуге көмектеседі, ал жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындарын іздеуде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етіп, тиімді әрі жылдам жұмысқа орналасуға қолайлы жағдай туғызады», — деді Ақтөбе облысының әкімі.

Мердігерлер тарапынан «Электрондық еңбек биржасы» платформасына бос жұмыс орындарын енгізу бойынша жұмыстар биылғы мамыр айында басталғанына қарамастан, қазірге дейін 91 жоба бойынша 1 202 бос жұмыс орны жарияланып, 91 адам жұмыспен қамтылды. Өз кезегінде, бұл жұмыс беруші мердігер компаниялар үшін де, жұмыс іздеуші азаматтар үшін де қалаған мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуда қолайлы электрондық платформаға айналып отыр.

Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 53 мыңнан астам жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінде 4 мың адам немесе 26,5% жұмысқа тұрғызылды.

Өңір әкімі еңбек нарығында жастарды қолдауға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының тиімділігі зор екенін атап өтті. Былтыр аталған жобалар аясында 176 жас жұмысқа тартылса, осы жылы 300-ег жуық жасты жұмысқа орналастыру көзделген.

Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір тиімді тетігі – қайтарымсыз грант беру.

«Облыста 500-ге жуық жасқа және 1 мыңнан астам әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мемлекеттік грант беру жоспарланып, іске асырылып жатыр. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың өз ісін ашуға және жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған игі шаралар болып отыр», — деді Оңдасын Оразалин.

Осының арқасында мемлекеттік қолдаулар аясында көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үйде отырып жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды.

Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин ұлттық жобалар аясында жоспарланған жұмыс орындарын құру мен халықты жұмыспен қамту мәселелері тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button