ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасын аяқтау мәселелерін талқылады.
Кездесуге Дүниежүзілік банк өкілдері, Энергетика және инфрақұрылым секторларындағы команданың аға мүшесі Сандип Кохли және «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов қатысты.
Кездесу барысында әлеуметтік нысандардың мониторингіне, сондай-ақ Жобаның сәтті іске асырылуына қатысты тармақтар талқыланды.
Естеріңізге сала кетсек, Жоба 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда, ол әлеуметтік сектор ғимараттарының энергия тиімділігін арттыру бойынша шараларды жүзеге асыруға және Қазақстандағы тұрақты энергетиканы қаржыландыруға техникалық көмек көрсетуге бағытталған.
Бүгінгі таңда 96 әлеуметтік маңызы бар нысан (ауруханалар, мектептер, бақтар және көшелерді жарықтандыру) жаңғыртылды. Іске асыру қорытындылары бойынша энергия үнемдеу әлеуетінің 30% деңгейіне қол жеткізілді. 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, жергілікті қамту үлесі 85%-ды құрайды, 4 мыңнан астам жарықдиодты көше шамдары орнатылды және СО2 шығарындыларын 250 010 тоннаға дейін төмендеді.
Сондай-ақ, маусым айында «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» Жобасының аяқталуына байланысты салтанатты Конференцияның өткізілуі жоспарланғанын хабарлаймыз.