Жұмыс берушілер жастарды көбінесе риелтор, сауда-саттық менеджері етіп жұмысқа алады. Мұндай жұмыстарда көбінесе бонус ұсынылатындықтан, жалақы айырмашылығы жоғары. 70 мың теңгеден басталып 1 млн теңгеге дейін барады, деп хабарлайды Elorda.info HeadHunter компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы компанияларында клиенттермен жұмыс тәжірибесі жоқ сауда-саттық менеджерлері қолға 250 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін алады. Үміткерлер қазақ және орыс тілдерін жетік біліп, командаға сіңісіп, әдемі сөйлеп, дербес компьютерді сенімді қолдана алуы тиіс.
Бұдан кейінгі орында туризм, қонақ үй және мейрамхана қызметкерлері жоғары жалақы алады. Бұл салаларда жұмыс берушілер даяшы, бармен, аспаз, хостес және турагенттерге іздеу жариялаған. Ал жалақы 60 мыңнан басталып 300 мың теңгеге дейін барады.
Қарағанды облысында даяшылар қолға 340 мыңнан бастап 380 мың теңгеге дейін алады. Үміткер сыпайы сөйлеу, командада жұмыс істей алу, жауапкершілігі бар және шекара сақтай білетін болуы тиіс.
Сондай-ақ, зерттеу әкімшілік қызметкерлердің тапшы екенін көрсетіп отыр. Бұл салада кеңсе басқарушысы, ресепшионист, хатшы және жеке көмекшілер жетіспейді. Жалақы 70 мыңнан басталып 250 мың теңгеге дейін барады.
Астана компанияларында кеңсе менеджерлері 150 мыңнан бастап 250 мың теңгеге дейін жалақы алады. Үміткер EXCEL, MindMap және Google кестені жақсы қолдана алуы тиіс.
Ақпараттық технологиялар, интернет, мультимедиа – бос вакансиялар бойынша төртінші орында. Жас маман бұл салада 450 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ішінде бағдарламашылар, жүйелік әкімші және Helpdesk мамандары тапшы.
Алматы компаниясында web-бағдарламашылар салықтарды қоса есептегенде 450 мың теңге жалақы алады. Үміткер Python, MySQL, HTML, CSS, JavaScript және Bootstrap білуі тиіс. Сондай-ақ, өзгелердің кодын оқып, командада жұмыс істей білу талап етіледі.
Бесінші орында – маркетинг, жарнама және PR саласы. Жас мамандар үшін SMM-менеджер, Event-менеджер және дизайнерлерге бос орын бар. Жалақы 80 мың теңгеден басталып 500 мың теңгеге дейін барады.
Астана компанияларында табыс 120 мың теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін барады. Үміткерлер фото және видео редакторлықты меңгерген болуы тиіс.