
Іс-шара барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қаржыландыру тетіктері мен коммуналдық кәсіпорындардың қатысуы туралы жан-жақты баяндады.
Жалпы құны 13 трлн теңгені құрайтын бұл жобаға мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың қатысуы көзделген. Жоба аясында отандық өндірушілерді қолдау және инвестициялардың қайтарымдылығы басты қағидаттар ретінде белгіленген.
Әлия Мырзағалиеваның айтуынша, жобаны іске асыру мерзімі бес жылды қамтиды, ал қаржыландыру жеті жыл бойы жүзеге асырылады. Осы аралықта коммуналдық инфрақұрылымды қолдауға жыл сайын 300-ден 800 млрд теңгеге дейін бағытталуы мүмкін. Қаражат мемлекеттік қарыздар және екінші деңгейлі банктер мен Қазақстанның Даму Банкі арқылы берілетін несиелер есебінен қамтамасыз етіледі.
Қаржыландыру – тек қайтарымды негізде жүзеге асырылады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің – мемлекеттік те, жеке де – қатысуы көзделіп отыр. Жеке сектор үшін несие беру тетігі ұсынылса, мемлекеттік кәсіпорындар қаржыны әкімдіктер арқылы ала алады. Бұл ретте барлық қаражат қайтарымды негізде беріледі. Қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді өтеу тариф есебінен жүргізілуі тиіс. Ал егер тарифтік түсім жеткіліксіз болған жағдайда – бюджеттен субсидиялау арқылы өтеледі.
«Қазіргі уақытта Мәжілісте уәкілетті мемлекеттік органдарды мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы тартылатын займдар бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің шығындарын өтеу үшін бюджеттік қаражат есебінен дербес субсидиялауға өкілеттік беруге қатысты түзетулер қаралуда. Егер бұл өзгерістер қолдау тапса, олар биылғы жазда қабылданады, ал қаражат 2026 жылдан бастап бюджеттік рәсімдерге сәйкес бөлінуі мүмкін», – деді Әлия Мырзағалиева.
Тиімділік пен табыстылық – басты назарда
Қатысушыларды іріктеуде басты критерий – жобалардың тиімділігі. Атап айтқанда, кәсіпорындардың цифрландыру деңгейін арттыруға, қаржылық көрсеткіштері мен жалпы операциялық тиімділігін жақсартуға қабілетті бастамаларға басымдық беріледі.
Сондай-ақ қосымша іріктеу параметрлеріне қаржыландыру көлемі, абоненттер саны, желілердің автоматтандырылу деңгейі, шығындарды азайту шаралары, төлемдерді жинау көрсеткіші мен ұйымдардың қазіргі қаржылық жағдайы жатады.
Коммуналдық кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашылады
Сәуір айының соңына дейін жергілікті атқарушы органдар үшін мемлекеттік бағалы қағаздардың нысаналы мақсатын кеңейту туралы Үкімет қаулысы қабылданады деп жоспарланған. Бұл шешім әкімдіктерге жаз айларында облигациялар шығаруға мүмкіндік беріп, қаржыны жаңғырту жөніндегі пилоттық жобаларға бағыттауға жол ашады. Негізгі басымдық – жобалық-сметалық құжаттамасы дайын және іске асыруға дайындық деңгейі жоғары жобаларға беріледі.
Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіледі
Әлия Мырзағалиева отандық өнеркәсіпті қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жалпы бюджеті 13 трлн теңгені құрайтын аталмыш жоба 20 жыл ішінде, негізінен, тұтынушылар – тек жеке тұлғалар ғана емес, сонымен қатар заңды тұлғалар арқылы қайтарылуы тиіс. Осыған байланысты қазақстандық өнеркәсіптік тауар өндірушілерді қолдау маңызды міндет ретінде айқындалған.
Сонымен қатар, жобаның әлеуетті қатысушыларына банктер жобаның жалпы құнының кемінде 10%-ы көлемінде өзіндік қаражат салуды және кепілзат ұсынуды талап ететіндігі ескертілді. Қаржылық оператор кепілзаттың көлемін 30–40%-дан асырмау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Үкімет бізге алдағы 5 жыл ішінде коммуналдық-жабдықтау секторын «қызыл аймақтан» шығару міндетін қойып отыр. Бұл – апаттардың алдын алу, қауіпсіздікті арттыру және тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет. Алғаш рет осыншама ауқымды ресурстар бөлініп отыр. Мемлекет пен бизнестің бірлескен күшімен сенімді, қолжетімді, экологиялық және тұрақты тіршілік ету жүйесін құруымыз қажет», – деді өз сөзінде Әлия Мырзағалиева.
Еске сала кетейік, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2024 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Бастама 2025–2029 жылдарға есептелген. Жобаның мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым мен жабдықтардың тозуын 40%-ға дейін төмендету арқылы апаттылықты 20%-ға азайту және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің сенімділігін арттыру.