КОМПЬЮТЕРЛЕРДЕН ТАРАЙТЫН ЭЛЕКТРОМАГНИТТІК СӘУЛЕЛЕНУ: КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН КӨРІНБЕЙТІН ҚАУІП
Бүгінде кеңсе қызметкерлерінің 80%-дан астамы күніне 6–8 сағаттан компьютер алдында отырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметіне сәйкес, экрандар мен электронды құрылғылармен осындай ұзақ байланыс денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін. Бас ауруы, көздің шаршауы, ұйқысыздық және зейіннің нашарлауы сынды шағымдар саны күннен-күнге артып келеді. Көптеген адам бұл жағдайды қазіргі заманғы компьютерлердің электромагниттік сәулеленуімен байланыстырады.
Электромагниттік өрістердің адам ағзасына қалай әсер ететінін және қандай сақтық шараларын сақтау қажеттігін түсіну үшін біз ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының (СЭСО) радиология және аспаптық өлшеулер зертханасының санитариялық дәрігері Гүлнар Шабдановадан сұхбат алдық.
– Компьютерлерден тарайтын электромагниттік сәулелену неге өзекті мәселенің біріне айналып отыр?
– Бүгінде компьютерлер жұмыс процесінің ажырамас бөлігіне айналып, көптеген адамдар олармен күнделікті 6–8 сағат бойы жұмыс істейді. Компьютерлер электромагниттік өрістерді тудырып, бұл адамның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Электромагниттік өрістердің ұзақ уақыт әсер етуі бас ауруы, көздің шаршауы, ұйқының бұзылуы, әлсіреу, тіпті жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін.
– Электромагниттік сәулеленудің зиянды әсерін қандай белгілерден байқауға болады?
– Алғашқы белгілері бас ауруы, шаршау, ұйқысыздық және көру органдарының кернеуі. Кейбір адамдар зейіннің нашарлауы немесе ашушаңдықты байқайды. Ұзақ мерзімді әсер ету жағдайында бұл репродуктивті функцияға кері әсер етуі немесе аллергиялық реакцияларға алып келуі мүмкін. Сондықтан электромагниттік сәулелену – жай ғана миф емес, денсаулыққа нақты әсер ететін фактор екенін түсіп, оған барынша байыппен қараған жөн.
– Электромагниттік өрістердің әсерінен өзіңізді қалай қорғауға болады?
– Алғашқы қадам – жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру. Компьютерлерді бір-бірінен жеткілікті қашықтықта орналастыру жалпы электромагниттік өрістің әсерін азайтады. Сондай-ақ, компьютер жабдықтарын жерге қосу қажет – бұл электр өрісінің кернеуін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар, компьютерлерді пайдаланбаған кезде өшіру керек, себебі олар күту режимінде де сәуле шығара береді.
– Жұмыс орындарында электромагниттік сәулелену деңгейін өлшеудің маңызы қандай?
– Электромагниттік өріс деңгейін жүйелі түрде өлшеу өте маңызды. Мұндай тексерулерді жылына кемінде бір рет өткізуді ұсынамыз. Бұл рұқсат етілген деңгейлердің асып кетуін дер кезінде анықтап, оларды төмендету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. СЭСО-да электромагниттік сәулелену деңгейін дәл өлшеп, оның әсерін азайтуға арналған шешімдер ұсынамыз.
– Мұндай өлшеулерді кім жүргізуеді және олардың қолжетімділігі қандай?
– Электромагниттік өріс деңгейін өлшеуді аккредиттелген зертханалардағы арнайы дайындалған мамандар жүзеге асыруы тиіс. СЭСО-да жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, әрі біз заманауи жабдықтарды қолданамыз. Мұндай зерттеулер сәулелену деңгейін ғана емес, сондай-ақ қызметкерлердің денсаулығына әсерін азайтуға бағытталған нақты шараларды да ұсынуға мүмкіндік береді.
– Компьютермен жұмыс істеу кезінде тағы неге назар аударған жөн?
– Жүйелі өлшеулер мен жұмыс орнын дұрыс ұйымдастырудан бөлек, жұмыс барысында үзілістер жасау керек. Бұл көзге және жүйке жүйеге түсетін жүктемені азайтады. Сондай-ақ, шектеулі кеңістікте көптеген компьютерлерді топтастырмау маңызды, себебі бұл электромагниттік ортаны нашарлатады. Санитариялық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы қызметкерлер үшін сау және қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға болады.
Компьютерлерден шығатын электромагниттік сәулелену – жұмыс орнындағы қауіпсіздіктің маңызды аспектісі. Мерзімді өлшеулер, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру және қауіпсіздік нормаларын сақтау – қызметкерлердің денсаулығын қорғаудың негізгі шаралары.